Қаржы мониторинг агенттігі Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерінен тәркіленген мүлікті көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Агенттік жариялаған кадрлардан Алматыдағы "Никольский" базарды, Алматы облысындағы фазенда аумағындағы үй және көптеген қымбат көлікті көруге болады.
Агенттік мәліметінше, ұзақ жыл бойы Қоспаевтың қылмыстық тобының мүшелері 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер учаскесі, премиум санаттағы 35 көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақшаны заңсыз иеленген.
"Алматы облысында Қоспаев ешқандай құжатсыз бассейні мен жаттығу залы бар сәнді фазенда тұрғызған. Онда асыл тұқымды жылқылар өсірген, жабайы жануарлардан хайуанаттар бағын ұстаған: арыстандар, аюлар және басқалары болған", - деді агенттік өкілдері.
Тергеу мәліметтері бойынша ҰҚТ-ның әрекеттерінің нәтижесінде 9,2 миллиард теңге шығын келтірілді.
Еске салайық, бүгін құрылтайшысы Айдос Қоспаев деп саналатын (Елдос Қоспаевтың бауыры - еск.) "Никольский" базар шетелдіктерге сатылмақ болғаны хабарланды.
Ал бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.
Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз