Қоспаевқа қатысы бар “Никольский“ базар шетелдіктерге сатылмақ болған

Қоспаевқа қатысы бар “Никольский“ базар шетелдіктерге сатылмақ болған
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының тәркіленген мүлкін шетелдіктерге сату әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы мониторинг агенттігі сот үкімімен тәркіленетін, тыйым салынған мүлікті заңсыз сату дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін агенттік "AV-Construction" ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу деректері бойынша Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеуді аяқтаған болатын.

"Тәркілеу мақсатында құрылтайшысы Айдос Қоспаев саналатын "Nikolsky Investment" ЖШС-ға тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке сот тыйым салған. Биыл қыркүйекте "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізу арқылы базарды шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта рәсімдеп, шектеулер алынып тасталған", - деп жазылған агенттік хабарламасында.

5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта рәсімделген.

Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сондай-ақ жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайлас анықталды. Тергеу жалғасып жатқаны белгілі болды.

Айта кетейік, төрт жыл бұрын Алматыда ең көне базарлардың бірі "Никольский" базары бұзылды.

Еске салайық, бұған дейін Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топқа қатысты іс жуырда сотқа жіберілетіні хабарланды. 

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былайғы ортада Болат Назарбаевтың сенімді өкілі саналып келген Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.

Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова