V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы алтыны Франция еншісінде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысып жатыр. Спортшылар 11 топқа бөлініп, өз тобынан мықтылар бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша Франция құрамасының спортшысы Raphael Malet Көшпенділер ойындарының алғашқы алтын медаліне ие болды. Күміс жүлдені Моңғолия Altankhuyag Nergui иеленді. Ал қола медаль Франция елінен Gaëtan Blot алды деп хабарлайды Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестікке қатарына енді.
«Мажар стилінің ерекшелігі – спортшы атпен жылдамырақ шауып, нысанаға көп оқ тигізу керек. Жебе санына шектеу жоқ. Қазақстан дирекциясы барлығын атпен қамтамасыз етті. Тоқсанға жуық атты дайындадық. Көшпенділер ойындары болғандықтан көп қатысушы келді. Көшпенділер ойындарына ұлттық құрама спортшылары үш ай дайындалды. Жыл басынан бері төрт оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әр спортшыға жеке тактика әзірледік», – деді Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.
Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тұлыбеков өнер көрсетті. Спортшыларымыз бұған дейін Әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындарды иемденген. Спортшыларымыз алдағы үш күн 3 стиль (азия, түрік, қазақ) бойынша бақ сынайды.
Ат үстінде садақ атудан халықаралық альянс президенті Аллан Ле Галл Қазақстан құрамасы жамбы атудан мықты командалардың бірі екенін атап өтті.
«Қазақстан құрамасы былтыр Моңғолияда өткен әлем чемпионатында екінші орын алып, мықтылығын көрсетті. Қазақ стилі бойынша ұтатын шығар. Дүбірлі доданың атмосферасы бізге қатты ұнап жатыр. Бізді тамаша күтіп алды. Астанада өзімізді құрметті қонақ сезініп жатырмыз. Олимпиада ойындарында жүргендейміз», – деді Аллан Ле Галл.
Еске сала кетсек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты Астанада өтті. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!