Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорт мерекесі ретінде аяқталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, әсіресе, көкпар, көккбөрі жарыстары өте тартысты өткен. Бұл сайыстарда Қырғызстан мен Қазақстан құрамалары жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсеткен.
Асхат Алагөзов спорттық бәсекелестік тек алаңда қалғанын, екі елдің жанкүйерлері арасында ешқандай түсініспеушілік болмағанын мәлімдеді. Ол медаль есебіне қатысты жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, жалпы есепте тек медальдарды санауға байланысты техникалық айырмашылық болған.
Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсына тиесілі медальды жеке есептеуді ұйғарған.
"Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз", - деді президенттің баспасөз хатшысы.
Асхат Алагөзовтің сөзінше, медальдар кестесі - жарыстың бір ғана көрсеткіші. Ол ойындардың басты мақсаты халықтардың бірлігін көрсету болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!