- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көшпенділер ойындарын өткізуге...
Көшпенділер ойындарын өткізуге бюджеттен қанша бөлінген?
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев Астанада халықаралық жарысты өткізу үшін мемлекеттен 5,7 млрд теңге бөлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтетін көшпенділер ойындарына 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Жалпы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
"Медальдардың жалпы саны – 581 дана. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлдеқоры – 250 млн теңге. Сыйақыны ойындардың бас серіктесі бөледі. Жалпы жарысқа 15 мыңға жуық адам аккредитациядан өтті", - деді Абылай Қондыбаев.
Дирекция басшысының орынбасары әрбір қатысушыны орналастыруға және тамақтандыруға 1,8 млн теңге қарастырылғанын атап өтті.
"V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Шығынның негізгі бөлігі қатысушылардың жатын орны мен тамақтануына жұмсалады. 2 430 қатысушы келеді деп жоғарыда айттық. Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Онда қабылдаушы тарап қатысушылардың шығынын көтерді. Осылайша, біз әрбір қатысушының жатын орны мен тамақтануына 1 млн 800 мың теңге жұмсаймыз", - деді ол.
Сондай-ақ Абылай Қондыбаев жарыста билет қанша тұратынына тоқталды.
"Биыл наурыздың соңында көшпенділер ойындарының билетін сата бастадық. Ересектер үшін билеттің бағасы 1 мыңнан 15 мың теңгеге дейін барады. Жалпы билеттің орташа құны – 3,6 мың теңге. Оқушылар мен мүгедектігі бар адам үшін жеңілдік қарастырылған. 2 күн бұрын ашылу салтанатына арналған билеттер сатылып кетті", - деді орынбасар.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуіне 3 күн қалды. Ойындар 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. 85 елден келетін 20 мыңнан аса қатысушы 21 спорт түрінен жарысады.
Ойындар үш бөлімге негізделген: спорт, мәдениет және ғылым. Қатысушы елдердің делегациялары спортшылардан, сондай-ақ мәдениет және ғылым өкілдерінен құралады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен