Асыл Ахметова Қостанай облысындағы Бесағаш ауылында дүниеге келген. Жастайынан ат құлағында ойнайтын ару елімізде ұлттық спорт түрінен жарыс өткенін армандап қана қоймай, оның жүзеге асуына ат салысты. Ол бұдан 2 жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевқа V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізуге ұсыныс тастаған еді. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен ұлттық спортқа деген махаббаты туралы сұхбаттасты.
Асыл Есенғалиқызының негізгі мамандығы - мұғалім. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы Лобанов ауылындағы Лобанов орта мектебінде және Зейнеп жоғары көпсалалы колледжінде информатика пәнінен сабақ береді. Бұдан басқа, бос уақытында оқушыларға дәстүрлі садақ ату мен атқа отыру мәдениетін үйретеді. Ол мұның бәрі ұлттық спортты және жылқыларды жақсы көретіндіктен дейді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізуді Асыл Ахметова ұсынғанын бірі білсе, бірі білмес.
"Бұл ұсынысты 2022 жылы шілдеде Зерендіде өткен "Жастар рухының" съезінде айтқан едім", - дейді ол.
"Жалғыз мен емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрімізді құрметтеп, ұлттық спортқа қызығушылығы бар әрбір адам мұндай жобаның елімізде өткенін армандайды деп ойлаймын. Бұл - көпшіліктің бірігуімен істелген жұмыс. Ерлан Қошанұлы мұны қолдап, Президентке жеткізген еді. Кейін 2022 жылы сайлау кезінде Президентіміз Жастар штабына келгенде ұсынысты қабылдағанын, 2024 жылы ойындар болатынын айтты. Мен өз кезегімде алғыс білдірдім", - дейді ол.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында Ұлы дала жорығы болған еді. Ол Асыл Ахметованың ауылынан бастау алған.
"Барымызды салдық, көмектестік. Сырттан келген қонақтар, шетелден келгендер Солтүстік Қазақстанның табиғатын көріп, таң-тамаша, риза болып кетті. Әрі қарай Астанаға Солтүстік Қазақстаннан делегация болып бардым", - дейді ару.
Ару садақ атудан сабақ беріп қана қоймай, түрлі жарыстарға да қатысады.
Кейіпкердің айтуынша, күйеуі де ат құлағында ойнайтын шабандоз.
"Былтырдан бері дәстүрлі садақ атудан сабақ берген болсам, енді алдағы уақытта спорт мектебімен келісіп, жамбы ату мен аударыспақтан да сабақ бергіміз келеді. Күйеуім - көкпаршы, ол да жылқыға жақын, екеуміз бұл істі жалғастырамыз", - деп түйіндеді ол.
Асыл Ахметова әнді де нақышына келтіріп айтады. Оның бойына қазаққа тән қонақжайлық та дарыған. Ару шетелден келгендерге қазақ даласы мен дәстүрін көрсетіп, қонақжайлық та көрсетіп жүр. Ол 15 жасында "Ботай" мәдениетіне қызығушылық танытып, 18 жасында BOTAI атты кітап жазып шығарған даниялық қызға ерекше ықылас білдірген.
Еске салайық, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Жер жаһанның 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Бұған дейін, назарларыңызға көшпенділер Олимпиадасында тіркелген қызық деректерді ұсынған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!