Қошқарды мойнынан асыра көтерді. Түркістан облысында "Көшпенділер ойыны" өтті

Түркістан облысының таулы аймағы Төлеби ауданында "Көшпенділер ойыны" өтті. Дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған дода бұл жолы Төлеби бабаның 360 жылдығына арналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық спорттың 7 түрін қамтитын сайыс ә дегеннен-ақ көрермен көзайымына айналды. Тіпті күн алабұлттанып, тұрса да, ол делебесі қозған спортшылардың да, жанкүйерлердің де сағын сындыра алмады. Өңірдің 17 ауданынан келген қатысушылар қызу тартысқа түсіп кетті.


"Дүние жүзінде, оның ішінде түркі елдері бойынша көшпенділердің спорт түрлерін насихаттау - өте өзекті мәселе. 2024 жылы Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл соған дайындық алаңы ретінде қабылдануы керек. Бүгін табиғат аясында, Төлебидің биік шыңында нағыз көшпенділердің ойыны мен өнер үлгісі көрсетілуде. "Көшпенділер ойынын" атауына сай ауыспалы түрде жасасақ деген бастамалар болған. Дегенмен, Төлебидің жеке брендіне айналғаны жөн деп санаймыз" - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

"Көшпенділер ойынында" садақ ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, ләңгі тебу және арқан тартыс секілді қазақтың ұлттық ойындарының 7 түріне басымдық берілді. 14-35 жас аралығындағы жастар қамтылған спорттық шараға жалпы 160 қатысушыдан құралған 16 команда бәсекеге түсті.
Көшпенділер ойынында көпшілікті әсіресе отырарлық Бауыржан Әбдіқалымның өнері таңдай қақтырды. Былтыр осы бір жануарды 2050-рет мойнына артып көтерген ол бұл жолы да сол мәреден түскен жоқ. Қала берді, ол ұзақ қашықтыққа да жүгіріп көпті тәнті еткені бар. Бұл азаматты, алпауыт күштің атасы, рекордсмен деуге де болады.

Спортшы ер-азаматтар бақ пен бабын сынап жатқанда, аудандық аналар кеңесі әуелете ән салып, қонақтарды самаурынның сақырлап қайнаған шәйімен қарсы алды.

"Көшпенділер ойынының" қорытындысында командалық есеп бойынша 1-ші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, 2-ші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Ал 3-ші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты. 1-орынға – 300 мың теңге, 2-ші орынға – 200 мың теңге, 3-ші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақылар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ қатысқан әрбір командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар үлестірілді.


Одан бөлек, "Көшпенділер ойынына" арнайы ерекше ұлттық киіммен келген Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының командалары номинацияға ие болып, 3 командаға 50 мың теңге сыйақы берілді. Осылайша, ұлттық киімнің озық үлгілерін ұсынған командаларға құрмет көрсетілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!