Бүгін Қызылорда облысының орталығындағы Астана даңғылында қалаға қарасты ауыл шаруашылық тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің қатысуымен жәрмеңке өтті. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қалаға қарасты елді мекендердің өнімдерімен танысып, тұрғындармен тілдесті, - деп хабарлайды inform.kz.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде 1500 тоннадан астам өнім саудаланды. Өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан.
Жәрмеңкеге шаруашылықтармен қатар жергілікті кәсіпкерлер де белсене қатысты. Мәселен, ірі сауда орталықтары да өз өнімдерін әкеліп, тұрғындарға төмен бағада ұсынды. Жәрмеңкеде жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарынан бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдеріне дейін болды. Жергілікті тұрғындар мұндай шараның апта сайын ұйымдастырылып жатқанына дән риза екендіктерін жеткізді.
Сондай-ақ, шара барысында түрлі әлеуметтік көмектер де көрсетілуде. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі желтоқсан айына дейін жалғасатын болады.