Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков коммерциялық іс-шараларда полиция қызметкерлерін шамадан тыс тарту мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде Қазақстанда ірі концерттер мен спорттық матчтар жиі өтіп жатыр.
"Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне шамамен 1300 полицей, ал Алматыда 2240 полиция қызметкері, әскери мен ерікті жұмылдырылды. Соның салдарынан парадокс жағдай қалыптасады: жаппай шоу мен концерттерге бүкіл жеке құрам тартылады да, көшелерді патрульдеуге адам қалмайды", – деді депутат Құспеков.
Олжас Құспеков мемлекеттік ресурстарды тиімді әрі мақсатты пайдалану қажет екенін айтып, коммерциялық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жеке секторға жүктеу қисынды екенін жеткізді.
"Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымы жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан аса кәсіби қызметкер бар, олар бұл міндетті өз мойнына алуға дайын", – деді депутат.
Еске салайық, 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова