"Көшеге шығып 100 теңге сұрадым". Актер Мадияр Серікбай не себепті елден ақша сұраған?

"Көшеге шығып 100 теңге сұрадым". Актер Мадияр Серікбай не себепті елден ақша сұраған?
Фото: instagram.com/dana_turarbek

Актер "Өнер қырандары" театрының директоры Мадияр Серікбай мен жары Дана Тұрарбек ақша таппай қиналған күндерін еске алды. Бұл туралы өнер иелері Нартай Аралбайға берген сұхбатта айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иелері бір бөлмелі жатақханада тұрғанын, бастапқы кезеңде қатты қиналғанын, тіпті көшеден ақша сұрағанын айтты.

"Бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан анамды әкеліп бір қуыс бөлмеге тығып қойдық. Үйде жалғыз өзі немересімен бірге, біз Дана екеуміз сабақта жүрміз. Анам бір күні шаршады ма білмеймін, сабақтан келсем "балам, бір бөлмеде отырмын, не терезеге де қарай алмаймын, тым болмаса теледидар әкеліп берші" - деді. Содан не керек жан-жағымда балалардан ақша жинап, үйге ең көне модельдегі теледидарды әкеліп орнаттым", - дейді актер.

Актер, көшеде жүріп 100 теңге сұрағанын да айтты.

"Енді теледидар алдық, сосын алған азық-түліктеріміз ашып, бұзыла береді. Содан тоңазытқыш алайықшы деп шештік. Азын-аулақ жинаған 48 мың теңге қаржымыз болды. Сауда орталықтарына барып тоңазытқыштардың бағасын қарап ең арзанын таптық. Ең арзаны 48 мың 900 теңге екен. Ал енді 900 теңге қайдан табамыз? Жанымда тұрған балдардан 800 теңге жинап 100 теңге таппай кеттім. Енді ол жерде 100 теңге түсіп берші деп саудаласа да алмайсың. Содан не керек сол 100 теңгені іздеп көшеге шығып кеттім. Екі, үш адамнан сұрадым олар қараған да жоқ. Сосын газет сататын бутикке жақындап 100 теңге сұрасам ішінде отырған орыс әйел – "Жоқ, 100 теңге мен сен секілді алқаштарды білемін" – деп қуып жіберді", - дейді Мадияр Серікбай.

Дегенмен актриса Дана Тұрарбек тоңазытқышсыз кетпеймін – деп 100 теңгені қалай тапқанын айтты.

"Енді алмасқа болмайды, содан алдымда бір жігіт ақшасын санап келе жатыр екен. Бар намысымды тастап, сол жігітке барып – "100 теңге бере тұра аласыз ба?" – дедім. Ол бетіме күліп қарап 200 теңге тастап кетті. Сөйтіп, қуанып тоңазытқышты алып қайттық" , - дейді актриса Дана Тұрарбек.

 

Айта кетейік, бұған дейін біз өнер жұлдыздарының бесікке ақша таппай, баласын тазикке бөлеп, тербетіп ұйықтатқаны туралы жазған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы