Астанада ер адам әйелге шабуыл жасап, телефонын тартып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы ауданының полиция басқармасына тұрғын арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, түнде көшеде күтпеген жерден оған ер адам келіп, ақша талап ете бастаған. Әйел ақша беруден бас тартқан кезде, қаскүнем оның бетінен ұрып, кейін ұялы телефонын тартып алып, белгісіз бағытта қашып кеткен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер елорданың 31 жастағы тұрғынын анықтады.
"Полиция құны 500 000 теңге тұратын Iphone-14 ProMax маркалы ұялы телефонды тәркілеп, жәбірленушіге қайтарып берді. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы "Тонау" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Ер адам Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!