Көшеден есірткі тауып алсаңыз, не істеу керек? ІІМ түсіндірді

Аула тазалап жүргенде, итпен серуенге шыққанда немесе сенбілік кезінде есірткі жасырылған күмәнді орама тауып алсаңыз, не істеу керек? Оны қоқысқа тастауға немесе полицияға апарып беруге бола ма? Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрлігі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күмәнді орама тауып алсаңыз, не істеу керек?

Ішкі істер министрлігі күмәнді затты байқаған жағдайда оған тиіспей, дереу полицияға хабарласуға кеңес береді.

"Полиция қызметкерлері келгенше күмәнді орамаға тиісуге, оны ашуға, басқа жерге апаруға немесе өз бетінше жоюға болмайды. Мүмкіндік болса, зат жатқан орынды фотоға не видеоға түсіріп, орналасқан жерін белгілеп, қауіпсіз қашыққа алыстаған жөн", – деп жауап берді министрлік редакцияның ресми сауалына.

Күмәнді ораманы байқамай ұстап қойсаңыз ше?

Полиция сенбілік кезінде немесе серуендеп жүріп күмәнді затты байқамай қолына алып, оның ішінде тыйым салынған зат болуы мүмкін екенін кейін түсінген жағдайда не істеу керегін де түсіндірді.

Мұндай жағдайда ораманы алған жеріне қайта қойып, оқиға орнынан кетпестен полицияға хабарлау қажет.

Сондай-ақ, болған жағдайды толық түсіндіріп, саусақ іздерін өшіруге тырыспау керек. ІІМ мұндай әрекет айғақтарды жою әрекеті ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, есірткі затын сақтау немесе сату ниеті болмаса, оны кездейсоқ тауып алу қылмыстық жауапкершілікке әкелмейді.

Есірткі жасырылған орамаларды өз бетінше іздеп, лақтыруға бола ма?

Полиция есірткі жасырылған орамаларды әдейі іздеу, жинау немесе сақтау, тіпті оларды жою не полицияға тапсыру мақсатында жасалса да, заң алдында жауапқа тартылуға себеп болуы мүмкін екенін ескертті.

"Есірткі жасырылған орамаларды өз бетінше іздейтін азаматтар есірткі заттарын таратты немесе сатып алды деген күдікке ілінуі мүмкін", – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство Қылмыстық кодекстің 296-бабында есірткі құралдарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз әрекет жасағаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Атап айтқанда, есірткіні сату мақсатынсыз заңсыз сатып алғаны, сақтағаны немесе тасымалдағаны үшін 160 АЕК-ке дейін (2026 жылы 692 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Егер есірткі ірі мөлшерде болса, 200 АЕК-ке дейін (2026 жылы 865 мың теңге) айыппұл салынуы немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.

Ал аса ірі мөлшердегі есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Есірткі туралы хабарлағандарға сыйақы беріле ме?

ІІМ мәліметінше, есірткінің заңсыз айналымы туралы, соның ішінде жасырылған есірткі орамалары жөнінде нақты ақпарат берген азаматтарды ынталандыру мәселесі есірткі қылмысына қарсы күрес шараларын жетілдіру аясында қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада қылмыстың алдын алуға, оны тоқтатуға немесе ашуға көмектескен азаматтарды көтермелеу мүмкіндігі қарастырылған.

Мұндай шешімді мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде арнайы комиссия қабылдайды.

Министрлік есірткі жасырылған орамаларды тауып алған азаматтардан қанша хабарлама түскені жөнінде жеке статистика жүргізбейді. Дегенмен ведомство өкілдері тұрғындардың мұндай жағдайлар туралы полицияға тұрақты түрде хабарлап отыратынын атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!