Көшеде шешінген қыз тәртіп бұзғаны үшін қамауға алынды
Тегеран орталығында наразылық білдірген студент қыз шешініп тастағаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW сайтына сілтеме жасап.
Тегерандағы Азад Ислам университетінің студенті хиджабты дұрыс кимегені үшін қудалауға ұшырап, көшеде ішкиіміне дейін шешкеннен кейін ұсталды.
Әлеуметтік желіде, кейін БАҚ-та ішкиіммен жүрген қыздың университеттің ғылыми-зерттеу бөлімінің ауласын аралап, кейін университет жанындағы тас парапет үстінде отырған видеосы тарап кетті.
Тағы бір видеода бірнеше ер адам оны күштеп, көлікке отырғызып жатыр. Студент қамауға алынып, тергеліп жатқанын хабарлады университет өкілі Амир Махжуб.
Amir Kabir Newsletter студенттік басылымының хабарлауынша, "Басидж" әскерилері қыздың хиджабты "дұрыс" кимегеніне қарсылық танытып, киімін жыртқаннан кейін қыз шешініп тастаған. Тұтқындау кезінде қызды соққыға жыққаны, басын көлік есігіне соғып, қансырағанын мәлімдеді басылым. Алайда қыздың есімін атамады.
Еске салайық, жақында Астанада "Хан шатырдың" алдында шешінген астаналық қыз жауапқа тартылған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева