Қошанов тозған ЖЭО-лардың істен шығуынан саяси астар іздемеуге шақырды

Қошанов тозған ЖЭО-лардың істен шығуынан саяси астар іздемеуге шақырды
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тозған жылу электр орталықтарының істен шығуынан саяси астар іздемеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс отырысынан соң спикерге "Қоғамның алаңдауына себептің бірі – бір уақытта бірнеше қалада жылу электр орталықтарында техникалық ақаудың болуы. Қоғамда бұл саботаж, диверсия деген ойлар айтылып жатыр. Бұлай болуы мүмкін бе?" деген сауал жолданды.

Төраға бұл мәселеден саяси астар іздемеуге шақырды.

"Мен бұлай ойламаймын. Себебі, оның әртүрлі себебі бар. Бұл – жыл сайын болып тұратын жағдай. Өздеріңіз білесіздер, жылу электр станциялары мен мыңдаған шақырымға созылған жылу құбырлары бар. Мысалы, мен өңірде жұмыс істедім. Мұның бәрін жақсы білемін. Оның көбісінің тозығы жеткен. 20-30 жылдан бері олардың көбі жаңартылмаған. Мысалы, сіз "30-35 жылдың көлемінде бір жылу электр станциясы салынды" деген ақпаратты естідіңіз бе? Мұндай нысандар салынған жоқ.

Тозығы жеткен дүние сыр береді. Сыр бергеннен кейін ол жаңағыдай жағдайға алып келеді. Сондықтан өңірде болған әрбір жағдайға жеке-жеке баға беріп, соны тексеру керек. Менің ойымша, жоғарыдағыдай жалпы баға беру дұрыс емес", - деді Ерлан Қошанов.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz