Қошанов министрлік өкілінен қазақ тілінде жауап беруді талап етті

Мәжіліс отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Берденовтің сұрағы

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов тиісті министрлік қандай жұмыс істеп жатқанын сұрады. Оның сөзінше, елімізде үлестік құрылыс бойынша 586 нысан салынып жатса, оның 390-ы немесе нарықтың 70 пайызына жуығы қажет құжаттарсыз салынып жатыр.

Берденов прокуратура деректерін келтірді. Оның айтуынша, тек Астанада заңсыз салынып жатқан 37 көппәтерлі үйдің салымшылары 6 мыңнан асады.

"Үлескерлердің ақшасын заңсыз тарту әлі де жалғасып жатыр. Жалпы 64 құрылыс нысаны бойынша 51 құрылыс салушы жауапкершілікке тартылған. Құрылыс салушыларға қатысты 16 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 12 адам қамауда", - деді ол.

Депутат үй мәселесін шеше алмай жүрген қарапайым халықты шетелден келетін құрылыс материалдары алаңдатып отырғанын да жеткізді.

"Биыл Ресей, Өзбекстаннан келетін құрылыс материалдары 50 пайызға жеткен. Бұл мәселелер салаға көңіл бөлу қажет екенін көрсетеді. Үлестік қатысудағы алаяқтардан қорғау үшін министрлік қандай шаралар қолданады? Өз нарығымыздағы құрылыс материалдарымен сұранысты өзіміз қашан жабамыз? Министрлік үй бағасын қолжетімді деңгейде ұстау үшін қандай нақты шаралар қолданып жатыр?" - деді депутат.

Мәжіліс төрағасы Қошановтың реакциясы

Депутаттың сауалына жауап бермек болған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов: "Орыс тілінде жауап беруге рұқсат болса", - деді.

"Кешіріңіз, мемлекеттік тілде тап-тамаша сөйлеп отырсыз ғой. Мемлекеттік тілде жауап беріңіз. Қай тілде сұрақ қойылды, сол тілде жауап беріңіз. Білмесеңіз, ешқандай сын болмайтын еді. Енді сіз сөйлеп отырсыз ғой", - деді Мәжіліс төрағасы Қошанов.

Кейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов депутаттың сауалына қазақ тілінде жауап берді.

"Қазір 51 нысан бар. Астананың өзінде 16 нысан болған. Тоғызы эксплуатацияға тапсырылды. Қалғаны биыл жыл аяғына дейін тапсырылуы керек. ...Бүкіл жұмыс министрліктің бақылауында. Бағаны толығымен мониторинг жасап отырмыз. Құрылыс материалына келетін болсақ, 65-70 пайызға дейін Қазақстанда өндіріледі, қамтылады", - деді вице-министр.

Алайда жауапқа қанағаттанбаған депутат Руслан Берденов Астанадағы 16 үйдің тізімін сұрады. 

"Біздегі ақпарат бойынша 37 үй, 6 мыңнан аса адам", - деді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!