Көші-қон комитетіне жаңа төраға сайланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР премьер-министрінің орынбасары - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Асқарбек Маратұлы Ертаев ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы болып тағайындалды", - делінген Үкіметтің хабарламасында.
Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
"Нұр" Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының өнеркәсіп, көлік, байланыс, құрылыс және коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі II санаттағы маман болып бастаған.
2000-2014 жылдары банк саласында әртүрлі қызметте істеді.
2014-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы, басқарма бастығы, директордың орынбасары, Стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры болды.
2021-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі ҚР Қауіпсіздік кеңесі Талдау бөлімінің сектор меңгерушісі.
2022 жылғы маусымнан бастап қазірге дейін ҚР Үкіметі Аппараты Экономикалық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!