Қос азаматтығы бар үш шетелдік елден шығарылды

Ресейлік үш жолаушы қос азаматтығы үшін 738 мың теңге айыппұл арқалап, елден шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәскеу - Қарағанды әуе рейсі ұшып келгеннен кейін қала әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ҚР ҰҚК шекара қызметімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзған үш жолаушыны анықтап, ұстады. Олар Ресей Федерациясының 23, 40 және 48 жастағы азаматтары болып шықты.

Көлік полицейлері құқықбұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырып, материалды Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдады.

Сот шешімі бойынша шетел азаматтары 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл және бес жыл ішінде Қазақстан Республикасына кіруге шектеу қою арқылы елден тысқары шығарып жіберу түріндегі түрлі әкімшілік жазаларға тартылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!