Көру қабілеті бұзылған балалардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған заң жобасы әзірленіп жатыр

Көру қабілеті бұзылған балалардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған заң жобасы әзірленіп жатыр
Фото: Depositphotos.com

16 желтоқсан Сенаторлар зағиптардың және көру қабілеті бұзылған адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы заңын қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Конституциямызда да барлық азаматтарға тең жағдай жасау туралы тиісті нормалар бар. Соны да орындауымыз керек. Бұдан бөлек, бұл біздің адами парызымыз. Сол себепті министрліктің (ред. - Оқу-ағарту министрлігі) осы бағытта біраз жұмыс атқарғанын білеміз. Бұл саладағы мәселелерді бір жүйелі, толыққанды шешу үшін депутаттардың ұсынысымен тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды арттыруға арналған заң жобасы. Біз оны созбай, биылғы сессияның аяғына дейін қабылдасақ та дұрыс болар еді", - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың пленарлы отырысында.

Айтуынша, салада түйіні шешілмеген көптеген мәселелер бар. 

"Әлі де тиісті мамандарды дайындауға байланысты сұрақтар бар. Осындай мектептердегі арнайы сыныптардың материалдық-техникалық базасына қатысты сұрақтар да жоқ емес. Осы заң қабылданғаннан кейін соларды шешуге үлкен үлесін қосады деп сенеміз. Сондықтан бұл жерде барлығы шешілді деп айтпай, бірге жұмыс істеп, тиісті заңды алдағы уақытта қабылдауымыз керек. Министрліктің дәйекті қадамдары қажет екені анық. Біздің депутаттар да өз тарапынан белсенді жұмыстарын бастап жатыр", - деді Сенат спикері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget