"Көрісу деген күн жоқ, амал - ай атауы": этнограф амал мерекесінің мәнін түсіндірді

Көктем - қазақ үшін ежелден құт-берекенің, мерекенің бастауы. Ал оның төл басында көрісу мерекесі тұр. Кейінгі жылдары бұл мереке тек батыс өңірінде емес, мемлекет деңгейінде ерекше мәртебеге ие болды.

Дегенмен ел арасында бұл күннің мән-мағынасы, атауына қатысты түрлі пікір де бар. Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасып, осы сауалдарға жауап іздеді.

Көрісу қандай мереке?

Көрісу - бәрінен бұрын өкпе-ренішті артқа тастап, кішілер үлкендерге ізет көрсететін, бір-бірін көктем келгеніне орай құттықтайтын айтулы уақыт.

©pixabay.com

Сенаторлар кеңесінің мүшесі Сәрсенбай Еңсегенов алғаш рет мерекеге 2019 жылы ресми мәртебе беруді ұсынған еді. 1930 жылдардан бастап бұл дәстүр кей жерлерде ұмытыла бастады. Алайда кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көрісу мерекесіне ерекше мән беріп, бұл күннің маңызын айтып жүр.

"Әз-Наурыздың бастауы - Амал күні құтты болсын! Бұл - халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін!" - деп жазды бүгін Президент Х парақшасында.

Көрісуге қатысты қандай түсінік қате?

Әлеуметтік желіде мәдениеттанушы Серік Ерғали бұл мерекеге қатысты қате түсінік барын жазған.

"Шатаспайық. Шатастырмайық. Көрісу күні жоқ, көрісу ғұрпы бар. Амал айдың атауы, мерекенің емес! Соқыр тауыққа бәрі бидай... болмасын", - деді ол.

Massaget.kz

Сондай-ақ, ол бұған дейінгі сұхбаттарында қазақ халқында "Көрісу күні" деген мереке болмағанын, бүгінде Наурыз мерекесінің тойлану дәстүрі бұзылғанын айтқан еді. Этнологтың пікірінше, мереке этнографиямен сабақтасып кеткен және бұл - үлкен қате.

Этнограф бұған қатысты қандай пікір білдірді?

Болат Бопайұлының пікірінше, мұндай түсінік жоқ.

"21 наурыз деген де амал мерекесі, 14-і деген де амал мерекесі. Мереке деп қабылдағаннан кейін мереке. 9-ы күні "мәз" деген амал кіреді. Мәз деген амал 9-ы күні кіріп, 15-і күні шығады. Қазақта "мәз болмай, әз келмейді, шағала келмей, жаз болмайды" дейді. Бұл - бағзы заманнан қалған, ауа райына қатысты қазақтың тәмсіл сөзі. "Мәз" амалы 9-ы күні кіргеннен басы үш күн, ортасы үш күн, соңы бір күн, жеті күнге созылып, 15-і шығады. Қысқы ұйқыдағы аю, жердегі жыбырлаған жәндіктер оянады. Қыс амалы ақпанда аяқталады. Мынау - көктемнің алғашқы амалы", - деді ол.

Этнограф бұдан кейін "әз" амалы басталатынын айтты.

"21-і күні "әз" деген амал кіреді. Ол да жеті күнге созылады. Әз Наурыз деп жүргендегі "әз" - сол. "Мәз" бен "әз" екеуі - бірінен кейін бірі қатар келетін амал. Наурыз деген - керемет мереке. 14 күнгі көрісу мереке емес деген әңгіме жоқ. Айдың аты да, мерекенің аты да, елдің қуанышы да, жалпы тойы да соған орайластырылған. Қазақ халқы қыстау, көктеу, жайлау деп көшіп-қонып жүрді ғой. Осы кезде жердің астындағы тышқандар шыға, аюлар ояна бастайды. Жер астындағы өсімдіктің тамыры жарыла бастады. Содан кейін адамдар көрісіп, амал-сәлем қылып, марқұмдарға дұға оқып, үлкендерден бата алған. Сірге жияр, қап түбін қағар, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген салт-дәстүр болған. "Ескі кетпей жаңа келмейді" деп наурызға дейін үйіндегі ескі дүниелерін тастайды, бұл - 21-іне дейінгі дайындық жұмысы", - деді ол.

Сарапшы бұл мереке өзіндік мәні, тәлім-тәрбиесі бар айтулы мереке деген пікірде.

"Ол бағзы заманнан келе жатыр. Нұқ пайғамбар заманында Нұқ пайғамбардың кемесі 40 күн, 40 түн жүріп, Жиза тауына тоқтады дейді. Содан кейін топан су қайта көтеріліп кетіп, кемені алып, жүзіп, Қазақстанның Қазығұрт тауына тоқтапты дейді. Содан басталған. 14-інде "мәз" деген амал кірген. "Мәз" амалы кіргенде күн жеті күнде салқын болады, басы қарлы болса, ортасы ашық болады, соңы боранды болады деп тұрмысына, өміріне, мал шаруашылығына байланысты амал мерекесі деп атаған. Ол - тұтас қазаққа ортақ береке-бірліктің, тәртіптің, әдептіліктің, мәдениеттіліктің, былайша айтқанда, барыс-келісті күшейтетін, тазалықтың, жалпы ынтымақтың мерекесі. 14-і күнгі Батыс Қазақстандағы мереке - өте дұрыс мереке", - деп түйіндеді сарапшы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!