Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бірнеше қаладағы жылу электр орталықтарының құрылысы неге әлі басталмағанын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.
"Бүгінде Қазақстанның бай ресурс әлеуетіне қарамастан, энергетикалық жүйеміздің беріктік қоры ең төменгі шекке жетті, яғни ел іс жүзінде "энергетикалық тығырыққа" тірелді. Бұл ескірген технологиялармен жұмыс істейтін энергетикалық нысандар мен инфрақұрылым әбден тозуына, заманауи шешімдерді қолдана отырып, уақтылы жаңғыртылмауына байланысты", - деді ол.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, мұнай-газ секторын есептемегенде, еліміздегі көмір қоры 33 млрд тоннаға бағаланады.
"Мұны тиімді пайдаланған жағдайда үш ғасырға жетеді. Көршілеріміз көмір отынымен жұмыс істейтін экологиялық таза әрі икемді генерацияны игеріп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін зиян әрі тиімсіз ескі технологияларды жамап-жасқап ұстап отыруға мәжбүрміз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытуды ұлттық жоба деңгейіне шығару туралы нақты тапсырма берді", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, тиімділігі жоғары, қоршаған ортаға салмақ түсірмейтін жаңа буын электр станцияларын салу туралы сөз болып отыр.
"Экономиканы сенімді әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейінше, индустрияландыру нақты мазмұнынан айырылады, ал цифрландыру тек декларация күйінде қалу қаупі бар", - деді Еділ Жаңбыршин.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!