Алматыда көршісімен жанжалдасқан 37 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Автотұраққа талас адам өлімімен аяқталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Марқұмның артында сегіз жастағы ұлы мен жүкті әйелі қалды. Қазір күдікті қамауға алынған. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Жантүршігерлік жағдай 4 қазанда кешкі сағат 9 шамасында болған. Телеарна мәліметінше, жанжал автотұраққа таластан басталған. 37 жастағы Данил Щетников көршісінен көлігін ауладан алып тастауды сұраған. Алайда екеуі ортақ мәмілеге келе алмай, жанжал төбелеске ұласқан.
Марқұмның жақындарының сөзінше, кейін көршісі көмекке туыстары мен достарын шақырған, ал көп ұзамай екі көлікпен 5-6 адам жеткен. Әйелінің айтуынша, бірі мән-жайды анықтамастан, марқұмның мойнына пышақ сұғып алған.
"Күйеуім өлім аузында жатқанда да тоқтамады. Көлігін қиратып, бүлдіре бастады", - деді марқұмның әйелі Ирина Щетникова.
Ауыр жарақат алған ер адам жансақтау бөлімінде бір аптадай жатып, көз жұмған. Қанды қылмыс болған жерде марқұмның үсті матамен жабылған көлігі тұр. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан кейін қаскөйлер оған тас лақтырып, шетіндегі әйнегін сындырып кеткен.
"Әуезов ауданы полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тергеуді бастады. Күдікті бірден анықталып, қылмыс жасалған күні ұсталып, қамауға алынды. Бұл іске қатысы бар басқа да мән-жайлар тергеу барысында анықталады", - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Марқұмның жақындары бұл іс адам өлтіру бабы бойынша қаралуын талап етіп отыр. Сондай-ақ, қылмысқа қатысы бар өзге адамдар да жауапсыз қалмаса екен дейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова