- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирусқа шалдыққандарды емдеуге...
Коронавирусқа шалдыққандарды емдеуге қанша қаржы кетеді?
Қытайда COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдеуге қанша қаржы кеткені белгілі болды. Мұны ҚХР Медициналық қамсыздандыру басқармасының медициналық қызметтерді басқару жөніндегі департамент басшысы Сюн Сяньцзюнь хабарлады.
Оның айтуынша, Қытайда COVID-19 инфекциясына шалдыққан бір науқасты емдеуге орта есеппен 21,5 мың юань (3 мың доллардан аса), ал жағдайы ауыр науқасты емдеуге 150 мың юань (21,3 мың доллар) қаржы жұмсалған.
- Кейбір жағдайы тым ауыр науқастарды емдеуге жүздеген мың юаньнан 1 миллион юаньға дейін қаржы жұмсалған кездер болды, - дейді Сюн Сяньцзюнь.
Қытай билігі коронавируспен ауырған науқастарды сауықтыруға барлығы 1,48 млрд юань (211 млн доллар) қаржы құртқан. Бұл шығынның 990 миллион юань қаржысын медициналық сақтандыру жаппақ. Яғни, Қытайда COVID-19 инфекциясымен ауырған 80 мыңнан аса науқастың 52 мыңға жуығын сақтандыру есебінен төленбек.
Дегенмен бұл нақты есеп емес. Өйткені Қытайда коронавирус індеті тоқтағанымен, одан емделіп жатқан 1100-ден аса науқас бар, арасында 139-ының жағдайы ауыр.
Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Қытайда коронавирус жұқтырғандар тағы шыға бастады. 11 сәуір күні Қытайда ковид жұқтырған 99 жаңа науқас анықталды. Олардың барлығы шетелден келгендер.
Қ. Слямбек