- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирусқа қарсы вакциналарда...
Коронавирусқа қарсы вакциналарда қауіпті нанобөлшектер бар ма?
Қазнетте вакциналарда қауіпті нанобөлшектер мен чиптер бары, адамдарды клондау басталғаны, сондай-ақ, ресми ғылым моргеллон құрттардың барын жасыратыны туралы айтылған бейнеролик тарап жатыр. Мұның бәрі - ескі фейк, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, видео Пьер Жильбердің 1995 жылы сөйлеген сөзінен басталады. Ол болашақта вирустар қолдан жасалатынын, ал адамдар сұйық кристалдар мен чиптері бар вакциналарды қабылдауға мәжбүрленетіні туралы айтады. Бұл - өтірік.
Бұған дейін оның сөздерін фактчекерлер жоққа шығарған болатын. Біріншіден, Пьер Жильбер - балама медицинаның өкілі әрі вирусология немесе иммунология саласында білімі жоқ. Екіншіден, адамдар жұқтыратын вирустардың қолдан жасалатынына ешқандай дәлел жоқ. Үшіншіден, COVID-19-ға қарсы вакциналардың құрамында сұйық кристалдар да, наночиптер де жоқ. Бұған Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті сайтындағы дәрі-дәрмек құрамын оқу арқылы көз жеткізуге болады.
Кейін видеода косметикада адам денсаулығына қауіпті нанобөлшектер бары туралы айтылатын жаңалықтар көрсетіледі. Адамдар нанобөлшектерді алғаш рет ертеде қолданғаны белгілі. Ол кезде адамдар шашын алтын нанобөлшектері бар қоспалармен бояған. Нәтижесінде түс көпке дейін сақталған.
Нанобөлшектер әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың бәрі қауіпті деуге негіз жоқ. Керісінше, косметика міндетті сертификаттаудан өтеді және оның қауіпсіз екені тексеріледі. Демек, оларды қолдану ешқандай қауіп төндірмейді.
Вакциналардағы нанобөлшектерге келетін болсақ, олар бәрінде бірдей болмайды. Липид нанобөлшектер тек мРНҚ-ға негізделген вакциналарда болады. Олар зиян емес. Инъекциядан кейін бірнеше күн өткен соң олардың ыдырайтыны және адам ағзасынан толық шығарылатыны дәлелденген. Олар препарат құрамына нәзік мРНҚ молекулаларын жасушаларға жеткізу үшін қосылады, басқа ешқандай мақсат жоқ.
Сонымен қатар, видеода вакциналарда чиптер және адамның егілген-егілмегенін анықтауға мүмкіндік беретін жұмбақ люцифераза заты болатыны туралы айтқан әйелдің дауысы естілген үзінді көрсетіледі. Мұның бәрі - ескі фейк. COVID-19-ға қарсы вакцина құрамында чиптер де, люцифераза да жоқ.
Видео топтамасындағы тағы бір ролик - адамдарды клондау туралы. Ер адам АҚШ-тағы құпия зертханаларда 1970 жылдары адамдардың егізі жасалғанын мәлімдейді. Бұл жалған. Шын мәнінде, бүгінде ғылым адамның өміршең клонын жасайтын дәрежеге жетерліктей дамымаған. Практикалық сипаттағы мәселелерден бөлек, этика және заң тұрғысынан шектеулері де бар. Яғни, адамдарды тұрақты түрде клондау қазір де, 1970 жылдары да мүмкін болмаған.
Кейінгі видеода ресми ғылым жасырып отырған моргеллон құрттары туралы айтылады. Шын мәнінде, ғалымдар олардың барын жасырмайды, олар құрттар шынайы екеніне ешқандай дәлел таба алмай отыр.
Мамандар осы тақырып бойынша зерттеулерді жалғастырып жатыр, олардың жұмысының нәтижелерін Желіден оңай табуға болады. Бүгінде моргеллондардың бар екеніне нақты дәлелдер жоқ.
Демек, таратылған видео - фактчекерлер мен ғалымдар бұрын жоққа шығарған ескі фейк роликтер жиынтығы. Онда келтірілген тезистерге сену дұрыс емес.
Ж. Қадыржанова