- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирусқа қарсы вакцина...
Коронавирусқа қарсы вакцина пандемия басталғанға дейін дайындалған - фейк
Танымал қазақстандық Telegram-арнада AstraZeneca компаниясы өндірген COVID-19-ға қарсы вакцина пандемиядан бір жыл бұрын дайындалғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұған препараттың шығарылған күні басылған қаптама дәлел болған екен. Алайда бұл - фейк, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
2018 жылғы 15 шілдеде шығарылған вакцина қаптамасының суреті 2021 жылғы шілдеде ағылшын тілді Желіде тараған болатын. Ол кезде бұл туралы шетелдік фактчекерлер жазған. Reuters порталы вакцина қаптамасының шын суреттері 2020 жылы бірнеше дереккөзде жарияланғанын анықтаған. Оларда шығарылған күні көрсетілмеген.
AFP Factcheck порталы ресми түсініктеме алу үшін препарат өндірушісіне жүгінген, оған суреттегі вакцина қаптамасының түпнұсқа, бірақ көрсетілген шығарылған күні графикалық редакторлармен жазылған деген жауап берілген.
AstraZeneca компаниясы вакцинасының ресми сайтында дәрі-дәрмек қаптамаларында шығарылған күні жоғы айтылған. Оның орнына өндіруші вакцина қолданылуы тиіс күнді жазады. Сонымен қатар, таралған суретте "шығарылған күні" қорапты жапқан кезде оны медицина қызметкері байқамайтындай етіп жазылған. Яғни мұндай аса маңызды ақпаратты осылай жазу мағынасыз.
Демек, таралған сурет - фейк. Вакцинаның шығарылған күні Желіде бұрын жарияланған суретке графикалық редакторлардың көмегімен қосып, жазылған. COVID-19-ға қарсы вакциналар ауру анықталғаннан кейін және оның қоздырғышы анықталғаннан кейін ғана дайындала бастады.
Ж. Қадыржанова