Коронавирус пандемиясы қашан тоқтайды?

Коронавирус пандемиясы қашан тоқтайды?
Фото: yandex.kz

Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирус індеті қазір 200-ден астам елдің аумағына кіріп үлгерді. Карантиннің қашан бітетінін, коронавирустың қашан тоқтайтынын білгісі келетіндер көп. Ал ғалымдар мен дәрігерлер болса, болжам айтуымен ғана шектеліп отыр.

Сондай болжамдарға тоқталып, пессимистік және оптимистік көзқарастарды шолып өтейік.

Коронавирустан көп жапа шеккен елдердің статистикалық деректеріне талдау жасаған АҚШ-тың Boston Consulting Group атты танымалы консалтинг компаниясы карантиннің қай елде қай уақытта аяқталуы мүмкін екендігіне болжам жасап көрген екен.

Зерттеушілер ел үкіметінің ұйымдастырып жатқан сақтық шараларына, медицинасы, инфрақұрылымы, ауырған, көз жұмған адамдардың статистикасына мән берген.

АҚШ

Сонымен, зерттеу тобының есебінше АҚШ-тағы коронавирус індетінің шарықтау шегі мамыр айының аяғында болмақ. Ал карантиннің өзі маусым айының аяғы мен шілде айының басында аяқталуы мүмкін. Бұл – оптимистік болжам. Ал пессимистік нұсқасы – шілде айының соңы.

АҚШ-тағы сақтық шаралары әр штатта әртүрлі. Калифорния мен Нью-Йорк штаттары 20 наурызда-ақ қатаң шектеу шараларын енгізіп, елде алғаш болып коронавируспен күресе бастады. Әр штатта әртүрлі режім болғандықтан, зерттеушілердің ойынша, АҚШ-тағы коронавирустың тарауы жуық арада тоқтай қоймайды.

Оның үстіне, президент Дональд Трамп 6 сәуір күні сөйлеген сөзінде ел азаматтарын жағдайдың әлі де ушығатынын айту арқылы алда келе жатқан қиындыққа дайындағандай болды.

- Бұл да өтер-кетер. Алайда адам өлімі көп болады, оған дайын болуымыз керек, - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Италия

Аппенин түбегіндегі мемлекет 10 наурыз күні жалпыұлттық карантин жариялады. Аналитиктердің болжамынша, Италиядағы коронавирустың шарықтау шегі сәуір айының соңғы ширегіне тап келеді.

Ал карантин шілде айының басы мен аяғына таман аяқталуы мүмкін.

Германия

Германия коронавирустан ең көп жапа шеккен 5 мемлекеттің қатарына кіреді. Ел билігі жалпыұлттық карантин режімін наурыз айының аяғына қарай ғана енгізді. Аурудың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы апталарына сәйкес келеді.

Германиядағы карантин маусым айының ортасы мен шілде айының басына қарай аяқталуы мүмкін.

Франция

Францияда жалпыұлттық карантин 17 наурыз күні енгізілді. Мамандардың болжамынша, коронавирустың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы апталарына болып, карантин маусым айының ортасы мен шілде айының басында аяқталуы мүмкін.

Қазақстан

Қазақстандағы коронавирус пен карантин режімі жайлы Boston Consulting Group зерттеулерінде жоқ. Алайда елдің бас дәрігері Елжан Біртановтың айтуынша, аурудың шарықтау шегі сәуір айының алғашқы аптасына өтпек. Одан бөлек министр жазда эпидемия біршама азайып, күзге таман коронавирустың тағы бір толқыны бас көтеруі мүмкін дегенді айтты.

Ғалымдар не дейді?

Ғалымдардың айтуынша, коронавирусты тоқтатудың бір-ақ жолы бар – ол вакцина ойлап табу. Жазда күн ысып, ауа тазарады, жел тұрады. Ылғал азаяды. Содан ауаға шыққан коронавирус тез өледі. Бірақ мұның бәрі уақытша. Эпидемиологтардың болжамына сәйкес, ауру күзде қайта таралуы мүмкін. Ол кезге дейін екпе дайын болса, адамдарды қорғау оңай болмақ. 

Алайда жер бетіндегі адамдардың барлығы сауықпай коронавирусты тоқтату мүмкін емес. Бір адамның өзі бүкіл адамға жұқтыруы мүмкін. 

Сондықтан адамдарды вирустан қорғау үшін ең алдымен екпе қажет. Ал оны жасауға жарты жылдай уақыт кетеді.

- Коронавирусты тоқтатудың екі жолы бар: бірі – бүкіл адамзаттың иммунитетін қалыптастыру, екіншісі – екпе ойлап табу. Алғашқысы ұзақ жол, 2-3 жыл уақыт кетеді. Екпе жасау оңай болғанымен, оны сынақтан өткізу біраз уақытты алады. Екпе сынақтан өтті дегеннің өзінде, оны бүкіл адамзатқа салып шығу да ұзақ процесс, - дейді Мәскеудегі Университет ауруханасының медициналық директоры, профессор Жильбер Массар.

Американың Atlantic басылымының жазуынша, коронавирусты тоқтатудың үш амалы бар: бірі – бүкіл әлем (мемлекеттер) бірігіп вирусты жою (бірақ вирус бұл кезеңнен өтіп кетті), екіншісі – адамзаттың басым бөлігінің иммунитеті қалыптасқанын күту (бірақ өлім көп болмақ), сонда вирус жұғатын адам таппай қалады, үшіншісі – екпе ойлап табылғанға дейін күресу. Қолдан келетін жол – соңғысы. Бірақ ол ұзақ әрі күрделі жол болмақ.  

 
Қ. Слямбек