- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирус: қазақстандықтарға қосымша...
Коронавирус: қазақстандықтарға қосымша вакцина салына ма?
Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы қосымша вакцина салдырудың қажеті жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік өкілінің сөзінше, кейбір ерекшеліктер бар.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша қазір халыққа COVID-19 вирусына қарсы вакцина салдыруға немесе ревакциянация жасауға қажеттілік жоқ. Алайда халықтың осал топтарына ғана, егде жастағы адамдарға екпе салуға болады. Бірақ мұны да эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр мемлекет өзі шешеді", - деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Айжан Есмағамбетова бүгінде Қазақстанда екпе жоқ екенін, қажет болған жағдайда ол өндірілетінін жеткізді.
"Қазір коронавирусқа қарсы вакцина жоқ. Ол бізге керек те емес. Эпидемиологиялық жағдай өзгерсе, OtarBioPharm бір айда екпенің керек дозасын шығарады. Бірақ қайталап айтамын, ДДСҰ ұсынымына сәйкес, бүгінде коронавирусқа қарсы екпе алуға қажеттілік жоқ", - деді бас мемлекеттік санитария дәрігері.
Еске салайық, бұған дейін де Айжан Есмағамбетова елімізде коронавирус және тұмау жұқтырған науқастар саны өсіп жатқанын ескертіп, маска тағып жүруге кеңес берді.
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліліметінше, биыл қаңтарда (2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда) елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есе өсіп, 477 дерек тіркелген. Былтыр желтоқсанда 187 жағдай болған.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz