Коронавирус: Қазақстанда 10-адам тіркелді

Коронавирус: Қазақстанда 10-адам тіркелді
Фото: envato.elements.com

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 10-ға жетті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп "Еуразия" бірінші арнасындағы" Basty Prime бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.

Covid-19 инфекциясы Түркиядан ұшып келген адамнан анықталған. Ол бірден оқшауланды. Науқас – 1986 жылы туған қыз. Инфекция жұқтырған 10-адам 15 наурыз күні Ыстамбұл-Алматы рейсімен ұшып келген. Әзірше оның Түркиядан келгені немесе Түркия арқылы Еуропаның басқа елінен келгені нақты белгісіз.

Бұған дейін коронавирус жұқтырғандар саны тоғыз болған еді. Оның жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда. 16 наурыз күнгі сағат 10.00-дегі мәлімет бойынша стационар карантинінде 1 641 адам, үй карантинінде 981 адам болды.


Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның алдын алу үшін негізгі 5 шараны қолдануға кеңес береді:

• қол мен бетті сабындап жиі жуып тұру;
• қолға спирт антисептик пайдалану;
• адам көп шоғырланған жерден аулақ болу, көшеде адамдардан 1 метр алыс жүру;
• ауырып жүрген адамдармен қатынасқа түспеу;
• инфекцияның симптомдары (дене температурасының көтерілуі, мұрын біту, жөтелу, тамақ ауыруы) байқалған жағдайда жедел жәрдем шақыру.

Massaget