Жастар арасындағы бопсалау деректері анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-20 жас аралығындағы жастарды ұстады. Олар жергілікті колледждің кәмелетке толмаған студенттерін қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер өзгелерді қорқыту және өздерінің басымдылығын көрсету үшін зорлық-зомбылық әрекеттерін бейнежазбаға түсірген. Бопсалау және бұзақылық деректері бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды.
Павлодар облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы да мамырда жастарды бопсалаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Топ мүшелеріне осындай 10 дерекке қатысы бар деген айып тағылып отыр. Олар жәбірленушілерді қорқытып, 2 миллион теңгеге дейін алған. Жәбірленушілер қылмыскерлерден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген.
"Заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленушілер суицид жасауға дейін барған. Осындай оқиғалардың бірінде қорлық пен соққыға шыдамаған 22 жастағы жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған. Топ мүшелерін ұстау кезінде олардан травматикалық және суық қару, сондай-ақ, синтетикалық есірткі тәркіленді. Барлық күдікті қамауға алынды. Жәбірленушілерге қатысты қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!