АҚШ-та крематорийдің бұрынғы қызметкері 36 жастағы Кэндис Чепмен Скотт адамдардың денесі, бас сүйектері мен ішкі ағзалары салынған қорапты ұрлады деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NPR сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Скотт Арканзастағы кремация қызметін ұсынатын компанияда жұмыс істеген. Олардың клиенттерінің бірі Арканзас университетіндегі анатомия зертханасы болды, ол донорлық мәйіттерді медициналық білім беру және зерттеу үшін пайдаланды. Әйел адам осы арқылы адамдардың дене мүшесін ұрлап жүрген. Арканзас университетінің кремацияға тағы бір тапсырысынан кейін Скотт Facebook-те бальзамдалған ми мен жүректі сату туралы хабарландыру жариялады.
Қорқынышты тауарды сатып алушы бірден табылған: Пенсильвания штатының тұрғыны ағзаларды 1200 долларға (536 мың теңгедей) сатып алған.
Келесі тоғыз айда Скотт сол клиентке құлақ, қол, өкпе, бауыр, бүйрек, жыныс мүшесін, эмбриондар, тері, бас сүйектері және адам басын жіберіп отырған. Олар үшін әйел адам жалпы 10 957 доллар (4,9 миллион теңгедей) алған.
ФБР аноним хабарламадан кейін сатып алушыны анықтаған. Хабарласқан адам танысының жертөлесінде үш бес галлон шелектен адам мүшелері мен терісін тапқанын, ол 40 жастағы Джереми Ли Полге тиесілі екенін айтқан.
Скотт жұмыс істеген компания өкілдері қызметкерінің мұндай әрекетке барып жүргенін білмегенін, ФБР хабарласқан кезде таңғалғандарын айтқан. Әйел адамға ұсталғаннан кейін 12 эпизод бойынша айып тағылды. Алайда ол кінәсін мойындамаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!