Қорқынышты статистика: үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған

Кейінгі үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен отырыста айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әрбір екіншісі - ауыр қылмыс

Ресми мәлімет бойынша олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр.

"Биылдың өзінде буллинг дерегі бойынша 2 мыңнан аса өтініш түскен", - деп жазылған хабарламада.

10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталған. 

Қанша бала көмекке мұқтаж?

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева 800 мыңнан аса бала көмекке мұқтаж екенін айтты. Ведомство мәліметінше, осы мақсатта BALAZHAN бірыңғай мемлекеттік платформасы әзірленген.

"Платформа орталық деңгейде және өңірлерде анықталған әрбір баланың жағдайын, мәселенің туындау себептерін, көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, Бас прокуратура AiMap IT жүйесін сынақтан өткізген. Жүйе есірткі сататын интернет ресурстарға тұрақты кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!