Қорқынышты көрсеткіш: СҚО-да 60-қа тарта елді мекен таратылып, жабылып қалған

Қорқынышты көрсеткіш: СҚО-да 60-қа тарта елді мекен таратылып, жабылып қалған
Фото: almaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында шалғайдағы ауылдар бірінен соң бірі картадан сызылып жатыр. Кейінгі 6 жылда өңірде 60-қа тарта елді мекен таратылып, жабылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Салдарынан халық жанға жайлы мекен іздеп, жан-жаққа көшіп жатыр. Қойнауы босап, халық саны күрт кеміген Алқа ауылының бүгінгі сиқы адамшошырлық. Бір кездері 60-қа тарта түтіні болған құт мекеннің құлазығанына бірталай уақыт болған. Десе де қазір мұнда үш отбасы тұрып жатыр. Солардың бірі - алпысты алқымдаған Мақсат Исабеков.

"Айына-жылына бір рет шығамыз, азық-түлік үшін деп ауданға барып келеміз. Әкімдер де келген жоқ. Мұнда ешкім келмейді. Жазда әйтеуір жол бар. Қыс, көктем, күз жол жоқ. Қазір үйде қалған малмен ғана күн көріп жатырмыз. Басқа ештеңе жоқ", - дейді ол.

Нулы, сулы көрікті қоныстың түгін тартсаң майы шығады. Алайда тоқырау жылдары жұмыссыз қалған жұрт жақсы тұрмыс іздеп, аудан, қалаларға көшіп кеткен. Салдарынан баспаналар қирап, бос қалған.

"2020 жылы көрші ауылда үйлер салынды. Аудан орталығында да жаңа баспаналар бой түзеді. Бірақ бұл жандар аз-кем мал ұстайды. Сондықтан басқа жаққа көшуден бас тартып отыр", - деді округ әкімі Арман Әбілғазина.

Айта кетейік, өңірде 2019-2025 жылдар аралығында 59 елді мекен таратылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget