Алматының Наурызбай ауданында су басу және сел жүру қаупіне байланысты тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы сел қаупіне байланысты Ақсай өзені арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ашылған қабылдау пункттеріне орналастырылады", - деді ведомство өкілі.
Министрлік оқиға орнында жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
"8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды. Қазірге дейін 4 қоңырау түсті. Барлық іс-шара жоспарлы режимде жүргізіліп жатыр, жағдай бақылауда", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Бұған дейін тұрғындар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде "Ұлттық құлақтандыру" жүйесінен келген хабарламаны бөліскен болатын.
"Наурызбай ауданын су басу қаупі бар. Бөгетте фильтрация жүріп жатыр. Шұғыл эвакуациялау қажеттілігі туындады", - деп жазылған хабарламада.
ТЖМ-нің барлық бөлімшесі, "Қазселденқорғау", Алматы ТЖД азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны айтылды. Жағдай тұрақты бақылауда, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізіліп жатыр, құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын.
Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарынан әзірге Іле Алатауы тауларына барудан уақытша бас тартуды ұсынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!