- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қорқамыз". Петропавлда оқушыны...
"Қорқамыз". Петропавлда оқушыны бұралқы иттер талап тастаған
Петропавлда бұралқы иттер көбейіп, жұрттың зәресін қашырды. Олар кішкентай балаларға да шабуылдаған, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желіге бала түгіл, үлкендердің де далаға шығуы қиындап кеткенін жазған. Көше кезген иттер жуырда ғана 12 жастағы Илья Ирлицаға шабуылдап, киімін талап тастаған. Зардап шеккен бала көптің көмегімен қашып үлгерген. Ол бұл жағдайдың түскі уақытта, сабақтан келе жатқанда болғанын айтады. Ал Ильяның анасы баласын сабаққа жалғыз жіберуге қорқатынын жеткізді.
"Ұлым мектептен келе жатқанда, қаңғыбас иттер соңынан жүгіретінін, олардан қорқатынын айтты. Олар кішкентай емес, үлкен иттер. Біздің өзімізде де ит бар, серуендеуге шығайық десек қорқамыз", - деді И.Ирлицаның анасы Юлия Ирлица.
Бұралқы иттер қаладағы ботаникалық бақтың маңын да торуылдап жүр. Олар тордың ішіндегі жануарларға, әсіресе, еліктерге зақым келтірген. Ботаникалық бақтың директоры мәселенің шешілмей жатқанын айтып шағымданды.
"Иттер ботаникалық бақтағы қоршауға жақындап, үріп, ондағы жануарларды шошытады. Ал еліктер тордың бар екенін түсінбей, қашуға тырысқан. Біреуі иығын сындырып, ауыр жарақат алды", - деді "Ботаникалық бақ" ҮЕҰ директоры Артур Рязапов.
Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары иттерде маусымдық құтыру ауруы басталғанын айтады. Олар ит тістеген жағдайда дереу медицина мамандарына жүгіну керек екенін ескертті.
"Қаңғыбас иттердің шабуылынан кейін облыстың бірнеше ауданында тұрғындар медициналық көмекке жүгініп жатыр. Зардап шеккен 681 адам жәрдем сұрап келді. Оның 70 пайызына иттер шабуылдаған", - деді Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Юлия Гайсина.
Ал жауапты ветеринария басқармасы мәселені шешуге асықпай отыр екен.
"Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу тек зарарсыздандыру арқылы жүзеге асырылады. Олар ұсталады, зарарсыздандырылады және бұрынғы мекеніне қайтарылады. Сондай-ақ, мұндай жануарларды құтыруға қарсы вакциналауды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстарға биыл жергілікті бюджеттен шамамен 42 миллион теңге қаржы бөлінді", - деді Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Наталья Тараканова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова