"Көргенде шошып кеткен". Ақтөбеде ер адам жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған

"Көргенде шошып кеткен". Ақтөбеде ер адам жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған
Фото: Tengrinews.kz

14 жылдан бері арнайы орталықта тұратын 58 жастағы мүгедек ер адам дәретханада "құлап кеткеннен кейін" көру қабілетінін айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын ер адамның бірі жұмбақ жағдайда жарақат алып қалған. 12 қарашада Қасымжан Бұрханов ағасы Жеңіс Қамиевтің жағдайын сұрауға келген. Ағасын көрген жігіт шошып кеткен. Ер адамның бетінің жартысы көгеріп, бір көзі мүлде ашылмай тұрған. Арнайы мекеменің қызметкерлері ер адам дәретханада құлап түскенін айтқан. 

"Адам бұлай жай ғана құлап түспейді. Әрі кетсе бетінде сызат тұратын шығар. Бірақ көзі... Меніңше, оны көзінің тұсынан бірнеше рет ұрған. Ол санитарлар немесе науқастардың бірі болуы мүмкін, оны нақты білмеймін. Бірақ бұл қызметкерлердің салғырттығынан болып отыр", - дейді Қасымжан Бұрханов.  


Жеңіс Қамиев

Мекемеде бірінші, екінші топтағы мүгедектер мен психоневрологиялық аурулармен ауыратындар жатады. Диагнозы ауыр науқастардың бәрінің қабілеті жоқ. Бұрхановтың ағасының бұл мекемеде жатқанына 14 жыл болған. Ер адам дұрыс сөйлей алмағанымен қалай жарақат алып қалғанын ымдап түсіндірген. 

Оқиға 8 қарашада болғаны анықталған. Ер адамның жақындары онымен кездесуге 12 қарашада келген. Қасымжан Бұрханов егер олар келмегенде бұл жағдай туралы да бейхабар болар едік дейді. 

"Дәрігерлердің сөзінше, жаралар асқынып кеткен, ертерек келу керек еді. Қазір көзі көрмейді екен", - дейді Бұрханов.  

Мекеме басшысы ер адамды ешкім ұрмағанын айтады. Оның өзі бұл дайт туралы ер адамның інісінен естіген екен. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина