• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

“Көрген ел күледі“. Алматы метросындағы қауіпсіздік қоршаулары жұрттың сынына қалды

“Көрген ел күледі“. Алматы метросындағы қауіпсіздік қоршаулары жұрттың сынына қалды
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Желіде Алматы метро бекеттерінде қауіпсіздік мақсатында қойылған қоршаулар қызу талқыға түсті. Жұрт қоршаудың кейпін күлкіге айналдырып, қанша қаржы жұмсалғанын жарыса жазып жатыр. Massaget.kz тілшісі әкімдіктен ресми жауап алды. 

Қауіпсіздік қоршауларының кейпі қандай?

Бұған дейін Алматы метросында зағип жан ажал құшқан қайғылы оқиғадан кейін жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршаулар орнатыла бастаған еді. 

Әлихан Сариев/Тengrinews.kz

Әлихан Сариев/Тengrinews.kz

Алматы метрополитені баспасөз қызметінің мәліметінше, металл қоршаулар "Момышұлы", "Сарыарқа", "Райымбек", "Мәскеу", "Алмалы" бекеттеріне орнатылған. 

Көпшілік қалай қабылдады?

Әлеуметтік желі қолданушылары қоршаудың сыртқы көрінісін күлкіге айналдырып, түрлі пікірлер қалдырып жатыр.

"Бұл ғажайып технология қанша миллион тұрады?", "Қанша кеткенін тауып берейін бе? 10 миллион теңге жұмсалды?", "Бұл уақытша нәрсе болар", "Біздің елде уақытшадан басқа ештеңе жоқ!" - деп жазды жұрт. 

Желіде бұл қоршауларды қоюға 14 миллион теңге жұмсалды деген ақпараттар тарады. Бұл қауесеттің рас-өтірігін білу мақсатында қала әкімдігіне сауал жолдадық.

Алматы метросының баспасөз қызметі қоршаулардың жөндеу жұмысы әлі аяқталмағанын жазған еді. 

"Метро станцияларында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршаулар орнату жұмыстары басталды. Жұмыс регламентіне сәйкес, алдымен берік металдан жасалған тіректер орнатылады, кейіннен оларға мықты шыныдан жасалған бөлгіштер бекітіледі. Жұмыстарды толық аяқтау алдағы апта ішінде жоспарланып отыр", - делінген метро хабарламасында.

Халықаралық тәжірибе қандай?

Өзге елдерде метродағы қауіпсіздік қалай сақталғанын білу мақсатында қоршаулардың кейпін қарап көрдік. Мәселен, бұл - Сингапур метросындағы қауіпсіздік қоршаулары: 

фото: depositphotos, автор maicyber

Ал Жапонияда метро қоршаулары осылай көрінеді. Бейнежазбадан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған тиімді кедергілерді байқауға болады.

@mr.arcph Instantly transported me back to Tokyo 🇯🇵 🚃 #tokyo #tokyosubway #tokyometro #japansounds #japan ♬ original sound - Leslie - Food & Travel - Leslie | Food & Travel

Оңтүстік Кореяның астанасы ​​Сеул қаласындағы метро қоршаулары мынадай екен. Жолаушылар саны көп болғанымен, бір-бірін таптап жатқан, жан ұшырған жұртты көрмейсің. Бәрі баппен, асықпай, аптықпай қоғамдық көлікке мәдениетті сақтап мініп жатыр.  

@sandionice No pushing, quiet #seoul #subway #line2 #crowded #people #crowd #metro #ubahn ♬ Originalton - Sandra | Korea & Germany

Алматы метросында пайда болған жаңа дүниенің маңызы зор болғанымен, көптің көкейінде түрлі сұрақ тұр. Неліктен әкімдік дәл осы дизайнды таңдады? Оны жүзеге асыруға қанша қаржы жұмсалды? Соңғы нұсқа қашан дайын болады және ол қаншалықты қауіпсіз болмақ? Осы сауалдарға жауап алу үшін қала әкімдігіне қосымша сауал жолдап қойдық.

Тың жаңалықтардан хабардар болу үшін Мassaget.kz жаңалықтарын қалт жібермеңіз. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Литпин