Желіде 20 желтоқсанда Жамбыл облысындағы теміржолда оқыс оқиға болғаны туралы ақпарат тарады. Жағдайға "Қазақстан теміржолы" баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желідегі хабарлама
Telegram-арналардың бірінде оқиғаға қатысты жазба жарияланды.
"Кейбір дереккөздер мәліметінше, 20 желтоқсанда Жамбыл облысында сұрыптау дөңесінен вагондарды тарқату кезінде үш жүк вагоны соқтығысқан. Үш вагон да барлық доңғалақ жұптарымен рельстен шығып, аударылған", - делінген хабарламада.
Дереккөз мәліметінше, екі вагонда Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мүлкі болған.
"Қазақстан теміржолы" пікірі
Редакция бұл жағдайға байланысты компанияның баспасөз қызметіне жүгінді. Онда 20 желтоқсанда сағат 21:25-те Түрксіб станциясында вагондарды тарқату жұмыстары кезінде жолға шығуға дайын тұрған жүк пойызымен соқтығысу болғаны хабарланды.
"Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Пойыздар қозғалысында кідіріс болған жоқ, өзге құрамдардың жүру кестесіне әсер етпеді. Қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде жүргізілді", - деді компания өкілдері.
Қазір Түрксіб станциясы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.
Қорғаныс министрлігінің жауабы
Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де пікір берді.
"20 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Түрксіб станциясында маневрлік жұмыстар барысында вагондар рельстен шықты. Құрамда әскери техника, қару-жарақ және оқ-дәрі болмаған", - деп мәлімдеді ведомство.
Материалдық шығын көлемі тексеру қорытындысы бойынша комиссия тарапынан анықталатыны нақтыланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz