- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қорғаныс министрлігі Жамбыл...
Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы сарбаздың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрлігі тамызда "Шөлдала" шекара заставасында қайтыс болған сарбаздың өліміне Қарулы Күштердің қатысы жоғын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2022 жылғы тамызда "Шөлдала" шекара заставасында мерзімді қызметін өткерген Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі сарбазының қаза болуына байланысты БАҚ-тың көптеген сауалына бұл жағдайдың ҚР Қарулы Күштеріне қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Қандай да бір мәлімет алу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Ведомство Қазақстан Республикасы күштік құрылымдары қатарына шақырылған ел азаматтары Қарулы Күштердің бөлімшелерінде ғана емес, Ұлттық ұланның (ІІМ), ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімшелерінде де қызмет атқаратынын еске салды.
Айта кетейік, 2022 жылғы 19 тамызда атыраулық әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Қызылқоға ауданы Миялы ауылының 18 жастағы тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жатқан. Ал марқұмның туыстары өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Кейін қыркүйекте сарбаздың өліміне қатысты күдікті ұсталғаны белгілі болды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.
Еске салайық, бұған дейін сарбаздың өліміне қатысты істі жариялаған адвокат жазалануы мүмкін екені хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова