Қорғаныс министрі Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барып, көңіл айтты

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол орны толмас қазаға байланысты отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді. Министр жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын ешбір сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.

"Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз", – деді қорғаныс министрі.

Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған болатын.

Қызмет өткеру барысында олар өздерін жауапты әрі тәртіпті әскери қызметшілер ретінде танытып, әскери борыштарын адал атқарды.

Министр отбасыларды Қорғаныс министрлігі оларды қайғымен жалғыз қалдырмайтынына сендірді. Оларға жан-жақты көмек пен қажет қолдау көрсетіледі. Ведомство туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесуді жалғастырып, отбасылармен тұрақты байланыста болады.

"Қаза болған әскери қызметшілердің есімі туған-туыстары мен жақындарының, қаруластарының және барша Қарулы күштер жеке құрамының жүрегінде мәңгі сақталады. Олардың өмірі мен әскери борышына деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды", – деп атап өтті Қорғаныс министрлігіндегілер.

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған.

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз