Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасын талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын (ӘМСҚ) қатаң сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол қаралып жатқан заң жобасын қарапайым азаматтар үшін аса маңызды деп атап өтті, себебі "адамдар ӘМСҚ жүйесінің адалдығына және ашықтығына сенуден қалған".
"Азаматтар ӘМСҚ – әркімді қорғауға арналған жүйе дегенге сенімін жоғалтты. Керісінше, халықтың көбі бұл жүйеде халықты тіркеудің жабықтығы, медициналық қызмет көрсету кезіндегі заңбұзушылықтар мен күрделі схемалар салдарынан кейбір қор басшыларының орасан зор қаржыны еш бақылаусыз иеленіп отырғанына сенімді", – деді депутат.
Базарбектің айтуынша, халық арасында ӘМСҚ арқылы тек пайда табу көзделеді деген пікір қалыптасқан.
"Бұл тек халықтың пікірі емес – бұл менің заңгер, депутат және азамат ретінде субъективті көзқарасым", – деп нақтылады ол.
Депутаттың айтуынша, заң жобасының басты мақсаттарының бірі – ӘМСҚ қызметін бақылауды және қадағалауды қайтадан мемлекет қолына беру. Бұл міндетті Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитеті жүзеге асыруы тиіс.
"Неліктен біз Денсаулық сақтау министрлігінің рөлін күшейтуді ұсынамыз? Себебі соңғы 20 жылда бюрократияны азайту және еуропалық стандарттарға жақындау деген желеумен министрліктен барлық бақылау қызметтері алынып тасталды. Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі бақылау мен сапаға жауапты құзыретті орган ретінде әлсіреп, бұл өкілеттіктердің бәрі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілді", – деп түсіндірді Базарбек.
Нәтижесінде, оның айтуынша, қазіргі таңда қор ешкімге бағынбай, миллиардтаған бюджет қаражатын өз бетінше басқарып отыр. Бұдан бөлек, қор өз міндеттемелерін өзі тексеріп, өзі жазаға тартады – оның өзінде жиі формалды әрі таңдамалы түрде.
"Дәл осындай бақылаусыз жағдайда айлакер схемалар пайда болды: азаматтардың келісімінсіз оларды медициналық ұйымдарға мәжбүрлеп тіркеу, алаяқтық фактілерін министрлік бұйрықтары арқылы "ақау" ретінде жасыру. Сыртқы бақылау болмаған жағдайда қор шын мәнінде бағынбайтын құбыжыққа айналды. Біз осы мемлекеттің ақшасын жеп отырған құбыжықты өзіміз жасап алдық", – деді депутат.
Базарбек ӘМСҚ-ны "жемқорлық пен ұрлықтың ошағы" деп атады. Оның айтуынша, тіпті мемлекеттік аудит қор мен оның төрт филиалында заңбұзушылықтарды анықтағаннан кейін де, 12 лауазымды тұлға тек ескерту және сөгіспен құтылған.
"Сонда сұрақ туады: ыңғайлы жайғасып алғансыздар – ұрлықты "ақау" деп жасырасыздар, мәліметті құқық қорғау органдарына бермейсіздер, ал жазалаған жағдайда – тек ресми түрде. Бұл Президенттің "Заң және тәртіп" бағытына сай келе ме?" – деп сұрады ол.
Айта кетсек, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ӘМСҚ мен оның аймақтық филиалдарының 2022–2023 жылдардағы жұмысынан миллиардтаған заңбұзушылықтарды анықтаған болатын.
2025 жылдың наурыз айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл іс Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын емдеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырумен байланысты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!