Оңтүстік кореялық Jeju Air әуе компаниясының ұшағы ішкі рейс орындау кезінде шассидегі ақауға байланысты ұшып шыққан әуежайына қайта оралды. Мұндай жағдай бұған дейін Муанда апатқа ұшыраған ұшақта болған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кимпхо - Чеджу бағыты бойынша рейс орындаған Boeing B737-800 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай шассидегі ақауды анықтады. Осыған байланысты ұшақ ұшып шыққан әуежайына қайта қонды.
Ұшақ бортында 161 жолаушы болған. Әуе компаниясының мәліметінше, рейс басқа ұшақпен орындалады.
29 желтоқсанда Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты таңғы сағат 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07-де) болды. Бортта 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болды, олар Бангкоктан оралған.
Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданды, өрт шықты. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіріп, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жолаушылар арасында Оңтүстік Кореяның 173 азаматы және Таиландтың 2 азаматы болғаны анықталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес лайнер қону кезінде құстармен соқтығысқан. Сондай-ақ құтқарылған екі адамнан басқалары қаза тапқан болуы мүмкін.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!