Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кореялық геологтар Шығыс Қазақстан облысында ірі литий кен орнын тапқанын растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылы Кореяның "КИГАМ" геологиялық зерттеулер институты "Қазгеология" АҚ-мен бірлесіп жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу барысында Шығыс Қазақстан облысында литий ресурстарын анықтады.
Бұл ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кен орнын одан әрі зерттеу қажет деп мәлімдеді.
"Алдын ала бағалау нәтижелері бойынша, анықталған аумақтарда өнеркәсіптік литий мөлшері бар. Зерттеулер бойынша, келешегін растау және таралу аймағын анықтау үшін егжей-тегжейлі геологиялық зерттеу қажет", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Бұл ретте, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекстің 77-бабына сәйкес геологиялық есептердегі және Кодекске сәйкес мемлекеттік органдарға келіп түскен өзге де құжаттамадағы геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық құпиясы болып табылады. Бұл органдар оның "құпиялылығын" қорғау шараларын қабылдауға міндетті.
Қазіргі уақытта министрлік 12 учаскеде сирек және сирек жер металдардың кен орындарын анықтау бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Жұмыстарды 2024 жылдың аяғында аяқтау жоспарланған. Минерал ресурстардың көлемі бойынша, бағалау олар аяқталғаннан кейін мүмкін болады, жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық құпиясы болып табылады және аталған органдар оның құпиялығын қорғау шараларын қабылдауға міндетті", - деп толықтырды министрлік өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!