"Корей сериалдарынан үйрендім". Қазақшасы судай павлодарлық орыс жігіт көпшілікті тәнті етті

"Корей сериалдарынан үйрендім". Қазақшасы судай павлодарлық орыс жігіт көпшілікті тәнті етті
Фото: жеке архивінен

23 жастағы павлодарлық орыс жігіттің әскердегі досымен сөйлесіп тұрғаны видеосын бірнеше күн ішінде 2 миллионнан астам адам қараған. Видеоны екі жыл бұрын оның әпкесі түсіріп алған екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

"Мен 2021 жылы Зайсан қаласында Майшілік шекара заставасында Отан алдындағы борышымды өтедім. Сондықтан бұл –  мұрағаттық видео, оның бүкіл жерде тарап кететінін күтпеген едім", – дейді жас жігіт.

Родион орыс тілді балабақша мен мектепке барған, алайда қазақ тілін оқушы кезінде үйрене бастаған. 

"Қазақ тілін екінші сыныпта оқып жүргенімде Қазақстан телеарнасында жүрген корей сериалдары арқылы қарап, үйреніп алдым. Сериалды орысша субтитрлер арқылы естіп, қараған едім", – деді  спикер.

Отбасында бес адамның ішінен тек Родион ғана қазақ тілін еркін меңгерген. Сондай-ақ айналасындағы достары да мемлекеттік тілде сөйлейді.  

"Мен қазақша ойлай бастадым. Кейде ойлаған нәрсені айтпай қоямын, себебі тыңдаушы адам мені түсінбей қалуы мүмкін екенін білемін. Сондықтан ойымды орысшаға аударуға тура келеді", – дейді Родион.

Оның сөзінше, қазақ тілін үйрену үшін ең бастысы "қ", "ғ" сияқты төл дыбыстарды жаттап алу керек. 

"Бірден ауызекі тілге көшкен кезде жеңіл болады. Грамматиканы меңгеру қиынға соғуы мүмкін, сондықтан басында тілді түсіну керек. Ойыңды қазақ тілінде жеткізуге тырмысып көру қажет және де тілді меңгерудің оңай жолы – мемлекеттік тілде шығатын сериалдарды көру", – дейді Родион.

Айта кетейік, Родионның TikTok желісінде бірнеше күн бұрын шыққан видеосы 2,2 миллион қаралым жинаған. Қолданушылар орыс жігітінің қазақша судай сөйлегеніне тамсанып, түрлі пікір қалдырған.

@anya__iv

♬ оригинальный звук - Olaf

 

"Жарайсың, міне жігіт. Акцентсіз таза қазақша сайрап тұр. Енді мен де әскерге барғым келеді. Қаншалықты тіл үйреніп жүрсем де, бұл бала менен де қазақша жақсы сөйлеп тұр", – деп жазды желі қолданушылары.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан