Қазір корей салаттарын кез келген жақын маңдағы дүкеннен сатып алуға болады. Әсіресе, корейше дайындалған сәбіз, маринадталған саңырауқұлақтар, қасқыржем (спаржа) және кимчиді жиі кездестіруге болады. Мұндай салаттардың пайдасы мен зияны қандай? Бұл жайлы гастроэнтеролог Сергей Лопатин Doctorpiter порталына айтып берді.
Корей салаттарының пайдасы
Корей салаттары мен тіскебасарларын термиялық өңдеусіз дайындайды. Бұл ондағы пайдалы заттарды, яғни дәрумендер мен минералдарды барынша сақтауға көмектеседі. Жалпы корей салатының құрамына кіретін ингредиенттер дәрумендерге бай. Мысалы, соялық қасқыржемнің құрамына В тобының, D және E дәрумендері кіреді.
Ал корейше дайындалған сәбізде А дәруменінің мөлшері және бета-каротин көп. Кимчиді С дәруменінің қосымша көзі ретінде пайдалануға болады.
Асқорытуды реттейді
Корей салаттары - өсімдік жасұнығының керемет көзі. Аспаздық талшықтар асқазан-ішек жолдарын тазалайды, ішектер жиырылуын ынталандырады және іш қатудың алдын алады. Сондай-ақ жасұнық тоқтық сезімінің жылдам келуіне және оны ұзаққа сақтауға ықпал етеді.
Қабынуға қарсы әсерге ие
Корей салаттарының құрамына көкөністерден басқа түрлі дәмдеуіштер қосады: ащы бұрыш, сарымсақ, зімбір, кориандр. Олардың ащылығына капсаицин деп аталатын зат жауап береді, ал ол антисептикалық әсерге ие. Ол қанайналымды ынталандырады және тер бөлінуді күшейтеді. Сондықтан тұмау аурулары кезінде және жалпы ағзадағы қабыну процестері кезінде рационға ащы тамақтар қосқан пайдалы.
Жүрек-қан тамырлар жүйесінің саулығы
Корей тіскебасараларындағы дәмдеуіштерде калий бар: ол қан тамырлар қабырғалары мен қанайналымға пайдалы.
Артық салмақпен күресу
Корей салаттарын зиянды майонез немесе қаймақпен араластырмайды. Олардың калориясы төмен. Бұл тамақ дене сымбаттылығына зиян келтірмей рационды түрлендіруге көмектеседі. Ащы тамақ зат алмасудың жылдамдауына ықпал етеді.
Антиоксиданттық әсер
Корей салаттарының ингредиенттері биологиялық белсенді табиғи қосылыстарға бай. Олардың кейбіреулері антиоксиданттық әсерге ие: олар ағза жасушаларын бос радикалдармен зақымдаудан қорғайды. Сондықтан корейше сәбіз немесе кимчиді жүйелі түрде жеу қауіпті аурулар даму қаупін азайтады және тері жастығын сақтауға ықпал етеді.
Қарсыкөрсетілім
Корей салаттарының құрамында дәмдеуіштер мен сірке суы көп. Бұл ингредиенттер асқазан-ішек жолы ауруларын асқындырып жіберуі мүмкін: гастрит, жара ауруы, тітіркенген ішек синдромы. Дәмдеуіштердің көп болуы қыжылдың пайда болуына әсер етеді. Ащы тамақ асқазан сөлі бөлінуін ынталандырады және ол артық болып кетсе, ол өңешке түсіп, жағымсыз күйдіріп ауыртуы мүмкін.
Мұндай салаттарды дайындағанда тұзды да көп қосады. Оның құрамындағы натрий артериялық қысымы жоғары және жүрек жұмысында бұзылыс бар адамдарға қауіпті.
Сондай-ақ салат ингредиенттері аллергиялық реакция беруі мүмкін екенін ескерген жөн.
Корей салаттарын қаншалықты жиі жеуге болады?
Егер адамда асқорытумен проблема болмаса, ол корей салаттарын күнделікті рационына қосуына болады. Алайда олардың құрамында тұз көп болғандықтан, көп жеудің қажеті жоқ: шамамен 150-200 гр порциямен шектелген жөн.
Еске салайық, қыжыл - асқазан-ішек жолы аурулары кезінде және кей өнімдер мен алкоголь, сондай-ақ дәрі-дәрмектер ішкеннен кейін пайда болатын проблема. Қыжыл кезінде ішіңіздің жоғарғы тұсы және кеуде тұсы күйіп ауырады, жүрегіңіз айнуы мүмкін, ішіңізден ауырлық сезінесіз және қозғалғанда ол одан сайын ауырады. Қыжылды қалай жылдам жеңуге болады? Мына жерден оқыңыз.