- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қордайдағы құбыжық, Өзбекстандағы...
"Қордайдағы құбыжық, Өзбекстандағы чупакабра". Желіде талқыланған тылсым дүниелер
Қар адамы, чупакабра немесе басқа да мифтегі құбыжықтарды ғалымдар ешқашан растамаған. Бірақ жұрт бейтаныс жануарды бірден құбыжыққа айналдыра салуға құмар. Таяуда Өзбекстанда ауыл тұрғындары ауру итті құбыжық санап, азаптап өлтірген. Желіде де адамзатқа "тылсым тіршілік иесінің" видеолары толып жүр.
Massaget.kz тілшісі Қазнетте талқыланған "құбыжықтарды" жинап шықты.
"Чупакабра деп ойлаған"
Өзбекстандағы Самарқанд облысында ауыл тұрғындары "чупакабра" көріпті. Чупакабра деген - ел арасында тараған миф, жануаларды өлтіретін құбыжық. Телевизия мен интернет дамуымен бұл миф бүкіл әлемге тараған.
Ашық дереккөздерден алынған көрнекі суреттерде осылай бейнеленеді:
Ал "өзбекстандық чупакабра" туралы Mehr va Oqibat жануарларды қорғау қоғамы жазыпты. Желіде тараған видеода ауыл тұрғындары жануарды азаптап өлтіріп жатқанын көруге болады.
"Самарқанд облысы Ургут ауданы Испанза ауылында түсірілген видеода бір топ ер адам әбден азып-тозған жануарды күліп тұрып өлтіреді. Қатыгездікпен жасалған оқиғаның көріністері видеоға түсірілген. Олар заңды мемлекетте өмір сүріп жатқанын, онда жануарларды азаптау, өлтіру заңмен қудаланатынын ескермеген", - деп атап өтті зооқорғаушылар.
Видео әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған. Жүздеген адам ауыл тұрғындарының іс-әрекетіне наразы болған. Басылым мәліметінше, бұл құбыжық емес, демодекоз жұқтырған ит екен.
Демодекоз - кене шамадан тыс көбеюінен туындайтын, жиі кездесетін ауру. Емдемесе, иттің терісі түгел түседі.
"Қордайдағы құбыжық"
Ал былтыр жазда әлеуметтік желіде "Қордайдағы құбыжық" туралы видео тараған болатын. Видеоны көптеген адам Instagram желісіндегі танымал топтарға жібере бастаған. Соның бірі aqparat.kz парақшасында пайда болған. Видеода адам бойымен бірдей ит жолда жатқаны көрсетілген.
"Жігіттер, мына бәлені қараңдар. Ит екен деп қағып кеткенбіз. Қордай асуында қағып кеттік. Түсіп, барып қарайық десек, аяқ-қолы бар, бойы ұзын. Шок болып жатырмыз", - дейді видеодағы ер адам.
Тағы бір топқа бұл видеоны мыңдаған адам жіберген екен.
"Бұл фейк, монтаж! Видеоға даусын қоя салған. Қордайда ондай құбыжық жоқ. Сабыр сақтаңыздар, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ!", - делінген жазбада.
Бұл расымен фейк ақпарат. Видеоның түпнұсқасы португал тілінде жарияланған. Желіде тарап кеткен видео бразилиялық топ жасаған контенттің бөлігі ғана: сценарий бойынша, бір топ адам қауіпті жануарға кезігеді. Мифологиялық құбыжық қолдан жасалған қуыршақ.
Оны арнайы эффекттер бойынша маман Джозеф-Роф Кобаски 2020 жылы АҚШ-та жасап шығарған.
"Қостанайдағы құбыжық"
2016 жылы бүкіл Қазақстанда Қостанайда табылған бір жәндік талқыға түскен еді. Оның суреттерін Kostanaytany.kz газеті жариялаған.
Басылым мәліметінше, жануар Әулиекөл ауданы, Бағаналы аулынан табылған. Ауыл тұрғындарының үйлерін жылыту үшін ауылға бірнеше тонна көмір әкелініпті. Сол кезде мектеп қызметкерлері көмірдің арасынан бір бөлке нанның көлеміндей жұмыртқа тауып алған.
"Жұмыртқаның беті жабысқақ болды. Бұған қызыққан ауыл тұрғындары жұмыртқаны сындырған, ішінен құртқа ұқсайтын 20 сантиметрлік тіршілік иесін тапты. Таңданған мектеп қызметкерлері олжасын бірден еңбек мұғалімінің кабинетіне апарған. Сол жерде олар белгісіз тіршілік иесі таяқпен түртіп көрген, сол кезде оның құйрығы қозғалыпты. Оның үстіне, түрі өзгеріп, көк түсті болып кетті", - деп жазған басылым. Сондай-ақ жануардың тістері бар екені хабарланған.
Фото kostanaytany.kz сайтынан
КТК мәліметінше, мектеп қызметкерлері қандай да бір жануардың ағзасының бір бөлігін тапқан болуы мүмкін, ал жұмыртқа дегеніміз - оның асқазаны. Қостанайлық зоологтар зерттеуден кейін осындай пікірге келіпті. Оның ішінен дән мен шөп қалдықтары табылған. Мамандардың сөзінше, оның қан айналымы жүйесі жоқ, тіпті мектеп қызметкерлері сипаттағандай табандары мен тістері жоқ. Бұл жануардың ішек жүйесінің бір бөлігі сияқты.
"Ерекше құрт"
2019 жылы Алматы тұрғындарын "Есентай" өзені маңынан үлкен құрт тауып алған. Оның видеосы Қазнет пен БАҚ-та көп жазылған.
"Үлкен құрт, 10 сантиметр", - деп айтқан еді видео авторы. Видеоның өзі YouTobe хостингінен өшірілген. Желіде тек кадрлары қалыпты.
Sputnik Қазақстан мәліметінше, бұл кадрларға қатысты биолог Ирина Үмбеталиева пікір білдірген. Маман бұл тіршілік иесі мешінқоңыздың дернәсілі болуы мүмкін деп есептейді. Бұл құрт түрі болып саналмайды.
"Қозғалысы мен жақтары соған ұқсас, оларды анықтау қиын", - деді сарапшы.
Мешінқоңыз дернәсілінің ұзындығы 10 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл жәндіктер тұрақты суы бар тоғандарда мекендейді, бірақ кейде ағыны қатты өзендерде де жүзе береді.
"Жағаға шығып қалған құбыжық"
Қазнет пен отандық БАҚ-та жазылған тағы бір "құбыжық" ресейлік Камчаткада түсірілген. Пахачи аулының маңында жағаға шығып қалған ерекше тіршілік иесі талқыланған еді. Оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желіде тараған.
"Осы керемет олжамды сіздермен бөлісіп отырмын. Ең қызығы, оның түтік тәрізді шаштары бар. Бұл ежелгі жаратылыс шығар. Осы ғажайыпты көру үшін ғалымдарды жіберсек қой. Мүмкін мұхит бізге жұмбақ тастаған шығар", - деп жазды жергілікті қолданушылардың бірі Facebook-те.
"Құбыжық" бізге белгілі бірде-бір жануарға ұқсамайды және жұрт болжам жасай бастады. Желі қолданушылары тіршілік иесін "жүнді кальмар" және "теңіз мамонты"деп атап кеткен.
Алайда, National Geographic мәліметіне сүйенсек, ғалымдар бұл кадрлардан ерекше ештеңе көрмеген. Теңіз биологы Сергей Корнев бұл глобстер екеніне сенімді.
1960 жылдардан бері бұл термин жағаға шығып қалған белгісіз тіршілік иелерінің өлекселеріне қатысты қолданылады. Глобстердің кәдімгі өлекседен айырмашылығы, оны бірден анықтау мүмкін емес: кейбірінің сүйектері немесе басқа да қаңқалық құрылымдары жоқ және жай ғана үйінділер ретінде сипатталады.
Бұл - 1896 жылы табылған ең атақты глобстер. © Wikipedia
Ғалымдар Камчаткадағы глобстерді өлі кит деп санаған, ал оның тіндері ыдырап, талшықтары түп болып қалғанын айтады.
Е. Төлеш