- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қорабы жіңішке, алуға...
"Қорабы жіңішке, алуға ыңғайлы". Оралда шоколад ұрлайтындар жиілеген
Оралда кейінгі кезде супермаркеттер мен дүкендерден шоколад ұрлау фактілері жиілеген. Тәттілерді орта жастағы тұрғындар ұрлап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, ұрлағандар жауап алу кезінде "Мерси" шоколадының қорабы жіңішке, сол себепті салып алуға ыңғайлы деп жауап берген.
"32 жасар тұрғын қаладағы супермаркеттен алты дана "Мерси" шоколадын алып шықса, сол күні кешке сол супермаркеттен 40 жасар азамат тағы сол шоколадты ұрлайды. Тағы екі күннен кейін, 36 жастағы әйел басқа дүкеннен осындай шоколадтың төртеуін қолды қылған. Ал 10 ақпанда 1976 жылғы тұрғын "Мерси" шоколадының 3 данасын білдіртпей ұрлап кеткен. Сонымен бірге 42 жасар ер адам супермаркетте сөредегі құны 6 816 теңгені тұратын Ballantines маркілі вискиді қолтығына салып алып шығып кеткен", - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктілерден ұрланған заттар тәркіленбеген, алайда бұл бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Орал полиция басқармасы қызметкерлері күдіктілерді анықтап, қолға түсірді.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабы 1-бөлігі (Ұсақ-түйек жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан