Көптің көңілінен шыққан “Айсұлу“

Көптің көңілінен шыққан “Айсұлу“
Фото: Астана Опера баспасөз қызметінен

29-30 қараша "Астана Опера" сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен С.Мұхамеджановтың "Айсұлу" комедиялық операсының премьерасы зор табыспен өтті.

Премьераны тамашалауға келген көрермендер тың режиссерлік тұжырымдаманы, әртістердің кәсібилігі мен оркестрдің керемет дыбыстауын ерекше атап өтіп жатты. Спектакль оларды Серкенің университетке түсу жайлы армандарына бірге ілесіп, Айсұлу тұратын колхозда орын алатын романтикалық оқиғаларға бойлауға мәжбүрледі. Айсұлудың апалары мен колхоз төрағасының Хасен мен Әубәкірге айлаларын асырған сәттерінде залда отырғандар бір жағынан күлкіге қарық болса, екінші жағынан әрі қарай не болар екен деп, демдерін ішке тартты.

"Операның нақ жанкүйері ретінде "Айсұлу" спектаклінің "Астана Опера" репертуарын толықтырғанына қатты қуаныштымын. Солистердің актерлік ойынынан бастап, оркестрдің мінсіз дыбыстауына дейін барлығы жоғары деңгейде өтті. Сахнадан кеңестік кезеңдегі ауыл көрінісін, жастардың жарасымды әзілін көріп, жастық шағым көз алдымда қайта жаңғырды. Спектакльді безендірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың еңбегі мақтауға лайық. Қойылымның соңында махаббаттың жеңетіні, жастардың бақытқа кенелетіні өте дұрыс шешім болған екен, өйткені қазір қоғамға осы бір ұлы сезім жетпейтін секілді", - деді көрермен Майгүл Арыстанова.

Бір-біріне қол жеткізіп, бақытты болашақтарына қадам басқан ғашықтарға көрермендер залдан сәттілік тіледі. "Құрмет" орденінің кавалері Айзада Қапонова мен Назым Сағынтай таныстырған Айсұлудың бейнесінен жұртшылық колхоздың бетке ұстар аруы қандай болғанын көре алды. Ал Дінмұхамед Көшкінбаев пен Талғат Ғалеевтің орындауларынан намысқой жігіт Серкені таныды. Сондай-ақ Хасен мен Әубәкірді сомдаған Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов, Талғат Аллабиринов, Артур Ғабдиев, Айсұлудың апалары - Жансұлу мен Нұрсұлуды ұсынған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Әсем Сембина, Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекованың және басқа әртістердің өнерлері көптің көңілінен шықты.

С.Мұхамеджановтың "Айсұлу" операсы қазақ музыкасындағы комедия жанрының ізашары саналатынын айта кетуіміз керек. Оның "Астана Операдағы" қойылымын жаңа музыкалық редакция авторы, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, режиссер Еренбақ Тойкенов пен басқа да білгір мамандардан құралған кәсіби топ жүзеге асырды. Театр хорымен бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жұмыс істеді.

Massaget.kz