Шымкентте ағасы 4-қабаттан лақтырып жіберген екі жасар бала облыстық балалар ауруханасында көз жұмды. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бала комада жатқан, дәрігерлер соңына дейін үміт үзбеді. Алайда бала есін жимастан көз жұмды. Ол екі жасқа толатын еді.
"Сағат 18:39-да бас дәрігер, өкінішке қарай, баланың жүрегі тоқтап, реанимация шаралары нәтиже бермегенін хабарлады. Ата-анасы шақырылды. Тағы бір бала ата-анасының дұрыс қарамағанының салдарынан қайтыс болды", - деп жазды балалар омбудсмені Facebook-тегі парақшасында.
Қайғылы оқиға 23 қарашада кешкі сағат 20:00 шамасында Ғани Иляев көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Полицияның хабарлауынша, оларға баланың анасы хабарласқан.
Психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған ағасы ұлын пәтерінің терезесінен лақтырып жіберген. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен прокурорлар жеткен. Тәртіп сақшылары "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша іс қозғады. Күдікті 40 жаста.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, күдіктінің 25 жылдан бері психикалық ауытқуы бар. Жантүршігерлік оқиғаға дейін ол бірнеше рет балалардың ойыншықтарын терезеден лақтырып жіберген көрінеді.
Ал көршілерінің айтуынша, марқұм болған бүлдіршін анасының көптен күткен жалғыз баласы екен. Олардың сөзінше, әйел бауырлары мен баласын асырау үшін бірнеше жұмыс істеген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!