Премьер-министр Олжас Бектенов Астанадан қатынайтын әуе рейстерін уақтылы іске қосу мәселесіне назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов Астанадан халықаралық бағыттар бойынша жаңа әуе рейстерін ашудың маңызына тоқталды.
Үкіметтің баспасөз қызметі
"Нью-Йоркке, Токиоға, басқа да бағыттар бойынша тікелей жаңа рейс ашамыз" деп көптен бері әңгіме қозғап жатырмыз, әлі нәтиже жоқ. Қандай шаралар қабылдап жатсыздар?" - деп сұрады Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бүгінде Астанадан әлемнің түрлі еліне 34 халықаралық әуе бағыты бойынша рейстер қатынайды. Жыл соңына дейін тағы 5 бағытты ашу жоспарланып отыр.
Токиомен тікелей әуе қатынасын іске қосу биыл төртінші тоқсанға, АҚШ-пен арада тікелей рейстерді ашу келесі жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
"Құр сөз болып қалмасын", - деп ескертті Олжас Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әуе компаниялар төрт айда 4 миллионнан аса адам тасымалдағаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова