Биыл Астанада Тәуелсіздік даңғылында автомобиль көпірі ашылады, сол сияқты 400 автобус жеткізіліп, 70-тен астам көше жөнделеді. Бұдан бөлек, аялдамаға бұрылатын орындарды, пандустарды, тротуарларды және әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды ыңғайластыру жұмысы жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
"Қала тұрғындарының өсуін ескере отырып, қоғамдық көліктер санын ұлғайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жуырда 20 электроавтобус жеткізілді, оған дейін 50 автобус болатын. Шілде айында тағы 70 автобустың жеткізілуін күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін барлығы 400 автобус жеткізіледі. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды алмастыруға және т.б. мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірді ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір жолдардағы көлік нөпірін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалы ауданымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланыс қамтамасыз етіледі", – деді Жеңіс Қасымбек.
Елорда әкімі қалада жол жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеу жоспарланып отыр. Мәселен ағымдағы жөндеу жұмысымен 300-ге жуық көше қамтылады.
Материалды Астана қаласының ҚДБ ұсынған
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!