- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көппәтерлі тұрғын үйдің...
Көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында кілем қағуға тыйым салынғаны рас па?
TikTok әлеуметтік желісінде 13 мамырда жарияланған видео тарады. Онда заңгер Сабина Ахметова неліктен көппәтерлі тұрғын үйлердің алдында кілем қағуға болмайтынын түсіндіреді. Оның айтуынша, тұрғын үй алдында кілем қағатын, жуатын немесе кептіретін адамдар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 505-бабында қалалар мен елді мекендердің абаттануын бұзатын жағдай ретінде көппәтерлі тұрғын үй алаңында кілем қаққандарға айыппұл қарастырылған. Бұл жағдайда сіз көппәтерлі тұрғын үйде тұратын адамдардың құқығын бұзасыз және өз әрекетіңізбен қалаларды абаттандыру ережесін бұзасыз. Онда бәріне ортақ орындарда кілемдер мен матрацтарды жууға, кептіруге және тазалауға тыйым салынатыны анық айтылған", - дейді заңгер Сабина Ахметова.
Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы осы мәлімдеменің рас-өтірігін тексеріп көрді.
Үкім: Жартылай шындық
Заңда көппәтерлі тұрғын үй алаңдарында кілем қағуға тыйым салынатыны нақты жазылмаған. Тұрғын үй аудандарында кілем жууға тыйым салынатын жағдайлар кездеседі. Бірақ бұл жалпыға ортақ талап емес. Қауіпсіздік ережелері облыстар мен қалаларға байланысты әртүрлі.
Мысалы, Астана мен Шымкент қалаларында, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй алаптарында және жалпы халықтың қолданылуына арналған жерлерде, су бағаналарының маңында, тұрғын үй подъездерінде, су қоймаларында, халық көп жиналатын жерлерде кілемдерді жууға болмайды. Ережелерді бұзған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК, заңды тұлғалар үшін 30-100 АЕК айыппұл салынады.
Алайда Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың Қағидаларында кілем жууға тыйым салынғаны айтылмаған, бірақ тұрғын үй алқаптарында көлік жууға, тазалауға және жөндеуге болмайды. Екінші жағынан Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Алматы және Абай облыстарындағы осы қағидада тұрғын үй алқаптарында көлік жууға да, кілем жууға да тыйым салынған. Алматыда көппәтерлі тұрғын үй алаңдарында кілем жууға болады, бірақ көлік жууға, тазалауға және жөндеуге болмайды.
Облыстар мен қалаларды абаттандыру қағидаларының бәрінде су қоймаларында кілем жууға тыйым салынғаны жазылмаса да, мұндай әрекет Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына ("Су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау" бойынша 7-60 АЕК) сәйкес келуі мүмкін. Ішкі істер министрлігінің су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелерін бекіту туралы 19.01.15 жылғы бұйрығына сәйкес, су қоймаларында оның ішінде "суға түсуге, оған жақын жерлерде, сонымен қатар, ағыс бойынша жағажайдан 500 метрге дейін жоғары тұрған жерлерде кір жууға тыйым салынған".
Мысал ретінде 2018 жылы Алматы мен Алматы облысында екі әйелдің кілем жуып жатып суға батып кеткенін айтуға болады. Мұндай қауіпсіз емес іс су қоймаларында кір не автокөлік жуып жатқан адамға ғана емес, қоршаған ортаға да қауіпті. Су қоймалары мен өзендердегі су өндірістік, шаруашылық және рекреациялық қажеттілік үшін қолданылады.
Бір қызығы, Жетісу мен Ұлытау облыстарында абаттандыру ережелері жасалмаған. Ол ашық дереккөзден табылмады.
Жоғарыда айтылған құқықбұзушылықтар туралы пәтер иелерінің кооперативтеріне, полицияға немесе мүлік иелері бірлестігіне хабарлауға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек